Алматыда шырша ойыншықтарының көрмесі ашылды

Алматыда «Ғажайып Жаңа Жыл» атты шырша ойыншықтарының бірегей көрмесі ашылды, деп хабарлайды 24KZ. Ол Светлана Крупконың жеке коллекциясы негізінде ұйымдастырылған. Коллекционер сирек және ерекше ойыншықтарды жинауға 20 жыл уақытын арнапты. Көрмедегі экспонаттар XIX және XX ғасырлардағы Жаңа жылды тойлау тарихынан сыр шертеді. Экспозицияға шамамен 200-ге жуық сирек кездесетін гирляндтар, Аяз аталар мен маскалар қойылған.

Бұл Светлана Крупконың сирек кездесетін жаңажылдық әшекейлерге арналған төртінші көрмесі. Коллекция иесінің айтуынша, экспозиция жыл сайын жаңартылып отырады. Биылғы көрме кеңес заманындағы түрлі маскалар мен Аяз аталар жинағына арналды. Көрменің еуропалық бөлігінде шағын дүкендер мен дүңгіршектердің миниатюралары ұсынылған. «Мұндағы әрбір зат бір ғана данадан, қайталанатындары өте сирек», – дейді Светлана.

Светлана Крупко, коллекционер:

- Мұнда қаздың қауырсынынан жасалған шырша қойылған. Инелері қолмен иіліп, ширатылған. Бұл бұйымды монах әйел жасаған. Бұл тарихи тұрғыда ұмыт болып бара жатқан әдіс. Егер сәті түссе, бұл істі жалғастыратын ізбасарлар табылады деп үміттенеміз. Жалпы бұл өте мұқият еңбекті қажет ететін жұмыс. Әр қауырсыннан инені ширату, оны бояп, шырша жасау – қиынның қиыны.

Светлана Крупконың шетелдік достары көп. Олар Германия мен Чехиядан бірегей заттарды жіберіп тұрады. Коллекционер әрдайым экспозициясын толықтыруға құмар. Көрмеге келушілер әр ойыншықтың тарихына үңіліп, оның шыққан жерінен бастап, жасалған дәуірімен таныса алады.

Анна Дегтярёва, гид:

- Маған кеңестік кезеңнің ойыншықтары ұнайды, себебі олар арқылы уақыт ағымындағы өзгерістерді байқауға болады. Мысалы, Гагарин ғарышқа ұшқан кезде ғарыш тақырыбындағы ойыншықтар шығарыла бастады. Бұл өте керемет, өйткені мемлекет тарихындағы оқиғалар ойыншықтар арқылы көрініс берген. Бұл маған өте қызық.

Көрмеде Светлана Крупконың ауқымды коллекциясының тек бір бөлігі ғана ұсынылған. Коллекционердің арманы – тұрақты музей ашу. «Мұнша көп сирек кездесетін заттарды үйде сақтау мүмкін емес», – дейді ол.

Светлана Крупко, коллекционер:

- Көрменің мақсаты – жастар, балалар келіп, көріп, үйіне барғанда өздерінің әжелерімен, аналарымен сөйлесіп, отбасыларының тарихын сұрап, қызықса деймін. Меніңше, мұндай бірегей дүниелер әрбір үйден табылады. Бұл заттар тарихтан сыр шертеді. Өткенді бағалап, сақтап, құрметпен қарауы керек.

Қазіргі уақытта Светлананың жылдар бойы жинаған ескінің көзіндей болған заттар үйінде қораптарда сақтаулы. Жарыққа шығып, көрерменімен қауышар сәтті күтіп отыр. Ал «Ғажайып Жаңа Жыл» көрмесі 25 қаңтарға дейін жалғасады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев.