Павлодарда «Сиқырлы құмыра» көрмесі өтіп жатыр
Павлодарда «Сиқырлы құмыра» көрмесі ашылды, деп хабарлайды 24kz.
Жұрт назарына музей қорындағы құмыралардың бірегей коллекциясы ұсынылған. Олардың көбі Ертіс өңірінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған көне жәдігерлер.
Қарлығаш Қасиетова, тілші:
- Музей қорындағы әрбір жәдігерді біз өткен дәуірдің айнасы деп білеміз. Солардың бірі әрі бірегейі адамзат баласы алғаш рет ойлап тапқан ыдыс, яғни, қыш құмыра. Заман өзгерген сайын құмыралардың да неше түрі пайда болды. Потанин атындағы облыстық өлкетану музейінде құмыралардың жүзге тарта түрі сақталған.
Ертіс өңірінен табылған қыш құмыраларды археологтар тас және қола дәуіріне жатқызады. Неолит кезеңіне сәйкес келетін үш құмыра 1951 жылы Железин ауылының маңынан табылған. Бұл Қазақстан тарихы үшін шын мәнінде ғажайып олжа болыпты. Тарихи-өлкетану музейінің бас қор сақтаушысы Әлия Жомартованың айтуынша, ол кезде Қазақстан музейлерінде мұндай құнды жәдігерлер әлі болмаған.
Әлия Жомартова, Г.Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінің бас қор сақтаушысы:
- Көне ыдысдардың түбі дөңгелек болып келеді және түрлі өрнектер салынған. Ыдыстың түбінде күн сәулесі бейнеленеді. Бұл ежелгі адамдар құмыраларды тек азық-түлік сақтау үшін емес өздеріне тән салт-жораларды жасау үшін пайдаланғанын білдіреді. Өрнектер арқылы кейінгі ұрпаққа ақпарат қалдыруы да мүмкін деп топшылаймыз
Құмыра жасау өнері ұмытылған жоқ. Әр халық өзінің дәстүрі мен мәдениетіне сай жетілдіріп, жаңаша сипатта түрлендірді. Әйтсе де, сазбалшықтан жасалатын құмыралардың орны бөлек. Жас шебер Олжас Жәміш көнеден жеткен қолданбалы өнер туындысын жандандырып жүр. Ол табиғи материалмен жұмыс істеу бүгінгі күні арт-терапияға айналғанын айтады.
Олжас Жәміш, шебер:
- Құмыра жасау өте маңызды болып келеді. Өзім ерекше балалармен жұмыс істеймін. Ол біздің балаларға өте маңызды болып келеді. Ол біздің жеке қол маторикасын, психологиялық ауытқуларын жақсартуына көмектеседі.
Көрмеге Ақсу қаласының тарихи-өлкетану музейінен алғаш рет жәдігерлер әкелінді. «Сиқырлы құмыра» көрмесі археологтар мен тарихшылардың да назарын өзіне аударды. Ұйымдастырушылар музей қорында сақталған бірегей экспонаттарға халық өзінің лайықты бағасын береді деген сенімде.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков