Суретші Николай Хлудовтың туғанына 175 жыл

ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ даласын кенеп бетіне түсірген суретші Николай Хлудовтың туғанына биыл 175 жыл. Әсіресе Жетісу өңірінің тұрмыс-тіршілігі мен табиғатын көркем бейнелеген қылқалам шеберінің бірегей туындылары «Дала бояулары» көрмесіне қойылды. Көрме Алматыдағы мемлекеттік орталық музейде ашылды.

Көрмеге қылқалам шеберінің 100-ден аса картинасы қойылған. Соның жартысына жуығы осыған дейін жұрт назарына ұсынылмаған акварель жұмыстары екен. Мысалы, 2022 жылы автордың музейдегі сурет қоры 5 картинамен толыққан. Солардың ішінен «Пейзаж» бен «Ер адамның портреті» бүгін қабырғаға ілінді. Николай Хлудов елді аралай жүріп әсем табиғаттың түрлі көріністері мен сұлулығын бейнелейтін көптеген сурет салған.

Алпысбай Қазығұлов, ҚР Суретшілер одағының мүшесі:

- Классикалық сурет өнерін алып келген ғой бізге, қазақ даласына соны алып келген. Бұл кісінің картиналарының бәрі ашық. Қазақтың болмысын, менталитетін, тұрмыс-салтын бүге-шігесіне дейін бәрін суретке, кенептің бетіне қалдырып кеткен суретші.

Николай Хлудовтың бірегей туындыларына арналған «Дала бояулары» атты көрме екі апта ғана ашық болады. Музейде суретшінің жалпы саны 211 жұмысы сақтаулы. Оның «Нөсер жауын астындағы көш», «Барымта», «Бие сауу», «Өрмек басындағы тоқымашы», «Салтанатты көш», «Алау жанындағы әйел» туындылары көпшілікке етене таныс.

Ғалия Теміртон, ҚР Мемлекеттік орталық музейі директорының міндетін атқарушы:

- Алғаш рет бұл кісінің акварель жанрында жазған суреттері қойылып отыр. Ол 50-ден астам және өзінің датасына қарап отырсақ, бұл кісінің акварелінде алғашқы суреттері қаншалықты болса, кейін жасалған әсіресе жұмыстары кішкене мына қазақы этнографиялық тақырыптарға жақындау деп айтуға болады.

Орыс географиялық қоғамының мүшесі Николай Хлудов қазақ жеріне 1879 жылы Жетісу өңірінің картасын сызуға келген. Қазақ жерінің табиғаты мен тұрмыс-тіршілігіне қызыққан суретші қалған өмірін Алатаудың бөктерінде өткізген.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Эдуард Кон.