Алматыда «Арлан: Шешуші раунд» фильмінің тұсаукесері өтті

Отандық киноиндустрия спорттық драмамен толықты. Фильм «Арлан: Шешуші раунд» деп аталады, деп хабарлайды 24kz.

Картинананың жабық көрсетілімі Алматыдағы Kinopark 11 Esentai IMAX кинотеатрында өтті. Ал үлкен экранға 30 қаңтардан бастап шығады.

Арлан есімді спортшы жігіт олимпиада чемионы болуды армандайды. Сол жолда аянбай тер төгеді. Бірақ отбасындағы жағдайға байланысты әуесқой спорттан қол үзуіне тура келеді. Інісі ауыр дертке шалдығып, еміне қомақты қаржы қажет болады. Сөйтіп, ақша табу үшін  жекпе-жекке бет бұрады. Оқиға желісі осылай өрбиді. Арланның рөлін актер Еркебұлан Тоқтар ойнайды.

Еркебұлан Тоқтар, актер:

- Спортшылардың өмірінен алынған. Барлық спортшылар негізі қиындықтан өтеді, өте көп. Соның ең қиын деген ең ауқымды проблемалар талқыланады. Отбасылық проблемалар болады. Бұл жігіт әкесіз өседі. Сондықтан әкесінің орнына барлық жауапкершілікті алады.

Фильм қалың көпшілікке арналған. Оны отбасымен бірге көруге болады. Картина жауапкершілік, достық, махаббат, бауырмалдық сияқты адами қасиеттерді насихаттайды. Жастарды спортпен айналысуға шақырады.

Дәулет Жұмабаев, фильмнің режиссері:

- Мен қазақстандық режиссерлар әртүрлі жанрда кино түсіргенін қалаймын. Өздеріңіз жақсы білесіздер, бізде комедия өте көп. Соңғы кезде хоррор жанрының дамып келе жатқандығы қуантады. Ал, менің картинам спорттық драма. Мұндай кинолар бізде көп емес. Біз көрермендерге әрқилы жанрда түсірілген дүниелер ұсынуымыз керек деп ойлаймын.

Фильмнен Ұлан Қайраласов, Әбілмансұр Серіков, Гүлшат Тұтова және аралас жекпе-жектің шебері Қуат Хамитовты көре аламыз. Актерлік құрамда танымал ресейлік актер Никита Кологривый да бар. «Арлан: Шешуші раунд» спорттық драмасы кинотеатрларда 30 қаңтардан бастап көрсетіледі.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Кенже Амраев