Қысқы ойын алаңдарында жағдай жасалмаған – елордалықтар

Суретке түсу, коньки тебу және төбешіктен сырғанау. Елорданың бірнеше жерінде қысқы ойын алаңдары ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қала тұрғындары кез келген уақытта барып, демалысты көңілді өткізе алады.

Рауан Мыңбаев, тілші,

- Төбешіктен сырғанаған балалар. Балалар ғана дейміз-ау, арасында жастар мен үлкендер де бар. Мұндай көріністі қаланың бірнеше жерінде кездестіруге болады. Шаһар әкімдігі тұрғындарға арнап осындай сый жасаған. Әсіресе, кішкентайлар бұған дән риза.

Мұнда ата-аналарды алаңдатқан бір ғана мәселе – қауіпсіздік. Ең алдымен санитарлық норма сақталмаған, екіншіден қоғамдық тәртіпке жауапты маман жоқ. Қолына петарда ұстаған балалар өзінің ғана емес, өзгенің де өміріне қауіп төндіріп жүр.

Дәмеш Хасенова, қала тұрғыны:

- Жылынатын жер болса, қанеки. Сосын мына мұздың бетіндегі қарды тазаласа. Тағы да бірдеңелерді қосуға болады.

Қысқы қоғамдық орын ретінде ашылған алаңның кем-кетігі көп. Балалардың коньки ауыстыруына арналған жылы бөлме жоқ. Алаңның сапасы да сын көтермейді.

Бұл - Қосшығылұлы көшесіндегі жағдай. Ал қала әкімдігі алдында орналасқан алаңда ахуал басқа.

Қысқы ойын алаңдарының ашылғаны кеше ғана. ФӘрбір төбешік пен павильон мерекеге сай безендірілген. Күннің суықтығына қарамастан, көпшілік қарасы қалың. Енді тек айтылған сын-пікірлер ескеріліп, тиісті қорытынды шығарылса дейді қала тұрғындары.

Рауан Мыңбаев, Асхат Қарақойшиев

Сондай-ақ...