Ұлттық парктерде экологиялық туризмді дамытудың тұжырымдамалары дайындалып жатыр

Қазақстандағы ұлттық парктерде экологиялық туризмді дамытудың тұжырымдамалары дайындалып жатыр.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, бұл табиғи нысандарға зиян келтірмей сақтап қалуға мүмкіндік береді.

«Жабайы туризм табиғатқа, қайталанбас табиғат нысандарына зиянын тигізіп жатыр. Бұған бірнеше рет көзіміз жетті. Сондықтан экологиялық, ұйымдасқан туризмді дамыту қажет. Ал Қазақстанда экотуризмді өркендетудің әлеуеті жоғары», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Мағзұм Мырзағалиевтің хабарлауынша, Қазақстанның ұлттық парктерінде көлік қоятын автотұрақтар, кемпингтер, заманауи санитарлық кабиналар жоқ.

«Халықаралық тәжірибені есепке ала отырып, маршруттар мен соқпақтарды дамытуға басымдық беріледі. Заманауи визит-орталықтар, медициналық пункттер, кемпингтер мен этно-ауылдар салынады. Осыған байланысты тиісті бас жоспарлар әзірленуде. Қабылданған шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету үшін ұлттық парктерде қоғамдық кеңестер құрылды. Алматы облысындағы Іле-Алатау, Шарын, Алтын Емел, Көлсай көлдері парктерінде экотуризмді дамытудың тұжырымдамасы дайындалып, таныстырылды», - деп атап өтті ол.

Осы қабылданған тұжырымдамалар бойынша ұлттық парктердің бас жоспарларына түзетулер енгізіліп, визит-орталықтар салу жұмысы басталып кеткен. Бұдан бөлек, еліміздегі басқа да ұлттық парктерде экологиялық туризмді дамытудың тұжырымдалары әзірленуде.

«Министрлік БҰҰДМ-мен бірге ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы экологиялық соқпақтар мен туристік маршруттарға түсетін рекреациялық жүктемені анықтау бойынша әдістемелік нұсқаулықтар дайындап жатыр. Сонымен қатар экотуризмді дамыту бойынша қолданысқа заңға талдау жүргізілуде. Жалпы, экотуризмді дамыту – тек қаржы көзі емес. Ол азаматтарға табиғатқа ұқыпты қарау бойынша ағарту жұмысын жүргізуге, жергілікті халықты жұмыспен қамтуға мүмкіндік туғызады», - дейді М.Мырзағалиев.

Айта кетейік, Қазақстанда қазір 13 мемлекеттік ұлттық табиғи парк бар. Оларға 2019 жылы 1,5 млн адам келген.