Алматының медицина қызметкерлеріне 15 млрд теңгеден астам үстемақы төленді

2020 жылдың наурызынан қарашаға дейінгі коронавирусқа қарсы күреске қатысқан Алматының сегіз мың медициналық қызметкері жалақыларына қосымша үстемақы алды.

Коронавирус пандемиясы басталған кезде Алматының Қоғамдық денсаулық басқармасына қарасты медицина ұйымдарының Covid-19 жұқтырған науқастарды емдеген қызметкерлеріне жалақыларына қосымша үстемақы төленді. Барлығы 8 мыңға жуық медициналық қызметкері үстемақы алды, оның жалпы сомасы – 15 142 760,1 мың теңге.

Үстемақының мөлшері дәрігерлердің қандай аймақта жұмыс істегеніне байланысты болды. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылғы 4 сәуірдегі «COVID-19 коронавирусына қарсы күресте эпидемияға қарсы шараларға қатысқан денсаулық сақтау қызметкерлерін қаржылай қолдаудың кейбір мәселелері туралы» бұйрығына сәйкес төлемдерді беру үш тәуекел топтары бойынша жүзеге асырылды.

1 тәуекел тобы (өте жоғары) – жұқпалы аурулар стационарларының дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, олардың қатарына COVID-19 науқастарына медициналық көмек көрсетуге қатысқан жансақтау бөлімдерінің және басқа стацинарлардың қызметкерлері де қосылды. Бұл тәуекел тобындағы бір қызметкерге берілетін үстемақы көлемі ең төменгі айлықтық жалақының жиырма еселенген мөлшерінен аспады. Осы топтағыларға жалпы сомасы 6 795 746,1 мың тг көлемінде үстемақы төленді.

2 тәуекел тобы (жоғары) – провизорлық стационарлардың, провизорлық бөлімдердің дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, жедел медициналық көмектің дәрігерлері мен фельдшерлері, оның ішінде амбулаториялық жағдайда медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлері. Бұл тәуекел тобындағы бір қызметкерге берілетін үстемақы көлемі ең төменгі айлықтық жалақының он еселенген мөлшерінен аспады. Аталған топқа төленген үстемақының жалпы сомасы – 6 223 334 мың тг.

3 тәуекел тобы (орташа) – карантиндік стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, жедел медициналық көмек бригадасының жүргізушілері, оның ішінде амбулаториялық жағдайда медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлері. Бұл тәуекел тобындағы бір қызметкерге берілетін үстемақы мөлшері ең төменгі айлықтық жалақының бес еселенген мөлшерінен аспады. Бұл топтағыларға жалпы сомасы 2 123 680 мың тг көлемінде үстемақы төленді.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі