Зерттеу нәтижесі: уақыт үнемдеу үшін пара беретіндер көбейген

Жемқорлықпен күреске делдалдар кедергі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Былтыр ел бойынша пара алушы мен пара беруші арасындағы келісім қызметін көрсетушілер саны 6%-ке артқан. Сыбайлас жемқорлық мәселесі бойынша мониторинг жүргізген арнайы ұйым 8000-нан аса қарапайым тұрғын мен кәсіпкерді сөзге тартыпты. Олардың 11%-і жемқорлықпен бетпе-бет келген. Парақорлыққа жиі жол беретін өңірлер көшін Жамбыл, Алматы, Шымкент бастайды. Жалпы «Ашық диалог» порталына 1,5 мыңға жуық шағым түскен. Көпшілік үшін мәселені ақшамен шешу уақыт үнемдеумен тең. Себебі дәмелі ұйымдар істі созбалаққа салатын көрінеді.

Ольга Шиян, қоғамдық қордың атқарушы директоры:

- Зерттеу барысында біз жемқорлықтың 72 себебін анықтадық. Оның алғашқысы ауруханаға жолдама алу, екіншіден, жұмысқа орналасу, баланы балабақшаға беру және жер мәселесін шешу сияқты себептер бар. ХҚКО-дан анықтама алу үшін де пара беру жиілеген.