Ақтаулық тұрғындар жүргінші жолдарында жарықтың жоқтығына наразы

Әсіресе кешкі мезгілде жолда адам қағу дерегінің азаймай отырғанын айтып, шаһар әкімдігінен мәселені шешуді сұрайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өз кезегінде, жергілікті билік өкілдері алдағы жылдары 170 орынға көше шамын орнату үшін бюджетке ұсыныс беріп қойғандарын айтып отыр. Мақұлданған жағдайда, биыл 22 жүргінші жолын жарықтандыруды жоспарлап қойған көрінеді.

Нұрғаным Имашеваны жаяу жүргінші жолында көлік келіп қаққан. Жол апаты екі жыл бұрын 14-ші шағын аудандағы неке сарайының алдында болған еді. Ол қараңғыда жүйткіп келе жатқан жеңіл көлікті көрмеген. Жүргізуші де оны кеш байқаған. Салдарынан оң иығы мен тізесі, жамбасы сынып, белінен зақым алады. Содан бері 3 бірдей күрделі операция жасалып, 4 ай үйде төсек тартып жатты. Қазір медициналық орталықта кезекті рет оңалту курсынан өтіп жүр.

Нұрғаным Имашева, қала тұрғыны:

– Ол жерде көше шамдары болмауына байланысты жарық нашар болған. Артынан көлік жүргізушінің өзі де айтты: «апа, мен сізді көрген жоқпын» деп. Осыдан 2-3 жыл бұрын 18 жасар Полина есімді жас қызды көлік қағып, ол 6 ай зардап шегіп жатып көз жұмды. Дәл сол жерде болған оқиға.

Қала тұрғынының айтуынша, 8 ай өткен соң дәл сол маңда 19 жастағы қызды көлік қағып кетеді. Басынан ауыр жарақат алған науқасты дәрігерлер құтқара алмаған. Бірнеше рет қайғылы жағдай тіркелген жерге қараңғы түсе біз де барып қарадық. Ешқандай жарықтың жоқтығын көрдік. Біздің көзімізше, жаяу жүргінші жолымен келе жатқан жас жігіттің алдынан екі мәрте көлік кесіп өтті.

Талғат Исламұлы, тілші:

– Мен келе жатқан жаяу жүргінші жолы – Ақтаудың орталық көшелерінің бірі. Бұл жермен күндіз де, түнде де көлік көп жүреді. Алайда бүгінгі күнге дейін осы жаяу жүргінші жолдың төбесіне, я болмаса жиегіне жарықтандыру шамдары қойылған жоқ.

Өзекті мәселенің шешімін сұрап, қала әкімдігіне жүгіндік. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының сөзінше, шаһар аумағында кісі өтетін 183 реттелмейтін жаяу жүргінші жолдары бар. Алайда олардың тек 8-і жарықтандырылған. 

Жетібай Құбашев, «Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» ММ басшысы:

– Биыл 22-не ғана қаржы бөлініп тұр. Ол дегеніміз, 26 млн-ға. Алдағы уақытта бюджеттен қаражаттың бөлінуіне байланысты кезең-кезеңімен орнатылатын болады. Нақтылау деген болады, сол кезде де бөлініп жатса, тағы да қарастырамыз. Жол көлік оқиғалары болып жатқан жерлерге жол полиция қызметкерлерімен бірлесе отырып қоямыз.

Жол сақшылары келтірген ресми деректерге сүйенсек, былтыр Ақтауда 127 адамды көлік қағып кетті. Ең өкініштісі, машина астына түскен тағы 16 тұрғын ауыр дене жарақатынан көз жұмған.

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев