Павлодар облысында ауылдарға санитарлық бекеттер қойылды

Ел бойынша COVID-19 індетін жұқтырудың ең жоғары деңгейі Павлодар облысында тіркеліп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осыған байланысты Май ауданында карантиндік шектеулер енгізіліп, Көктөбе және Кеңтүбек ауылдарына қатынас тоқтады. Облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысы бойынша ауылдарға санитарлық бекеттер қойылған. Одан өтуге тек азық-түлік, отын, дәрі-дәрмек және жанармай тасымалдаушыларға рұқсат етіледі. Ауыл әкімдері мен ауданның полиция бөліміне бетперде тағу, ара қашықтық және карантин ережелерінің сақталуын бақылау тапсырылды. Жиын-тойларды өткізуге тыйым салынғаны тағы бар. Жерлеу рәсіміне он адамнан артық шақырылмайды. Қаулы 29 қаңтар, яғни бүгіннен бастап күшіне енеді. Ол 12 ақпанға дейін жалғасады. Дәл осындай шектеулер Ертіс ауданында да енгізілген.