БҚО-да жомарт жандар жем-шөбі таусылған ауылдастарына мал азығын үлестіріп жатыр

Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданында шаруа қожалықтары жем-шөбі таусылған ауылдастарына мал азығын үлестіріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінге дейін 52 отбасына 200 бума шөп тегін берілген. 34 ауыл тұрғынына осындай көмек жеткізілді. Былтыр аудан аумағындағы Бірқазан, Соркөл мен Жалтыркөл секілді су көздері мүлде құрғап қалған еді. Жауын-шашын көлемі тым аз болған. Соның кесірінен шабындықтарға су жетпеді. Ауыл тұрғындары көрші аудандардан жеткен әр бума шөпті 10 мың теңгеден сатып алуға мәжбүр болды. 70 мыңнан аса ірі қара мен 200 мыңдай қой-ешкісі бар аудан үшін бұл айтарлықтай шығын.

Анаргүл Биекенова, Жаңақала ауылының тұрғыны:

- Өзім көп балалы анамын, 9 балам бар. «Қыстың қамын жаз ойла» дейді ғой, енді азын-шоғын барымызша шөп түсірдік. Бірақ ол малымызға жетпей қалды. Ауыл азаматтарына рахмет, жетпей қалған уақытта көмек беріп жатыр.

Руслан Оразалиев, Жаңақала аудандық қоғамдық кеңесінің мүшесі:

- Қоғамдық кеңестің мүшесі, ауыл тұрғыны ретінде әлеуметтік желіге үндеуміді жолдап едім. Сол үндеумізді қолдап, содан аудан тұрғынарына 3 күн ішінде 180 рулон үлестірдік, сатып алуға ақшалары жоқ отбасыларға тегін таратылды. Аудандағы қожалық басшылары қолдау көрсететінін айтып жеткізіп жатыр.