Павлодар облысында боранда адасып кеткен ер адам табылды

Павлодар облысында қатты боранда адасып кеткен ер адам табылды.

Іздеу жұмыстары Ақтоғай ауданы Ақжол ауылдық округінің Барлыбай, Разумовка ауылдарына жақын жерде жүргізілді, деп хабарлады Рavlodarnews.kz.

«8 ақпан күні 22:46-да Павлодар облысы ТЖ департаментінің «112» пультіне ауыл тұрғыны күйеуінің сол күні 15:20-да Ақтоғай ауданының Барлыбай ауылына дала жолымен Екібастұз қаласынан «Нива» жеңіл автокөлігімен  шыққанын және әлі жетпегені туралы хабарлады. Күйеуімен байланыс жоғалтып алған. Ақтоғай ауданының ТЖ бөлімінің қызметкерлері №15 өрт сөндіру бөлімі мен учаскелік полиция бекетімен бірлесе отырып, ең жақын елді мекендерге, Басқамыс, Қарақоға, Разумовка, Шұға ауылдарына, Ақжол ауылдық округіне іздеуге шыққан», - дейді департаментте.

Елді мекендерден адамдар іздеуге жіберілген, алайда олар қатты боран соғып тұрған соң ауа райының қолайсыздығынан шыға алмаған. Одан әрі құтқарушылар 6 адамнан тұратын іздеу тобын ұйымдастырып, 00:19-да іздеуге шыққан.

Іздеу тобы 1983 жылы туған азаматты 01:40-та Ақтоғай ауданы Ақжол ауылдық округінің Разумовка ауылынан 37 шақырым жерде анықтады. Ол жеңіл көлікпен жолдың шетіне шығып кетіп, көліктің ішінде болған. Медициналық көмек қажет етпеді және дене жарақатын алмаған.

ТЖ бөлімінің және №15 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері автокөлікті жол жиегінен қолмен эвакуациялады. Жол жүру барысында өрт сөндірушілермен бірге аталған азамат тағы да жолдан шығып кетіп, қар құрсауынан қайта шығарылды. Разумовка ауылына келгеннен кейін ер адам Ақтоғай ауданының учаскелік полиция бөліміне тапсырылды.