Ақмола облысындағы алыс ауылдарға вакцина жеткізіледі

Аймақтарда вакциналау жұмыстары қарқын алды. Ақмола облысында 100 мыңдай адам коронавирусқа қарсы егілуі тиіс. Ол үшін 24 арнайы орын әзірленді. Алғашқы 1300 доза қазір қауіптің алғы шебінде жүрген ақ халаттыларға салынып жатыр. Ал халықты жаппай егу қашан басталады?

№1 емханада жұмыс қашан да қарбалас. Мекеме 91 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетеді. Ал халық нөпірінің көп болуы індеттің ілмегіне оңай іліндіруі мүмкін. Халида Зейнуллинова 1 айдан бері мейірбике болып жұмыс істейді. Дертіне шипа іздеген жандарға қол ұшын созу міндетім, дейді ол. Десе де бас амандығын да ұмытуға болмайды. Жас маман коронавирустан екпенің көмегімен қорғануды жөн көрді.

Халида Зейнуллинова, мейірбике:

- Екпеден соң қолыма мына қағазды ұстатты. Онда қалған дозаны қашан салдыратыным жазылған. Енді 21 күннен кейін қайта келемін. Вакцинадан соң ағзада болуы мүмкін өзгерістер туралы да ақпарат бар. Әзірге өзімді жақсы сезініп жүрмін. Жұмыс барысында адамдармен тығыз қарым-қатынаста боламыз. Сақтық үшін вакцина салдырдым.

Тізімде Халида секілді екпе алуға ниет білдірген 350-ден астам ақ халатты бар. Бүгінде жоспардың 80 проценті орындалған. Ал апта соңына қарай бөлінген 350 доза толық игеріледі, дейді емхана басшылығы. Бастапқыда вакцинаның күшіне күмәнмен қарағандар болғанымен кейін екпеге өз еркімен келушілер артқан.

Гүлнәзия Зұлқарнаева, №1 қалалық емхананың бас дәрігерінің орынбасары:

- Бас ауруы болды, әлсіздік болды, бұлшық еттері ауыратындар. Ол 1-3 күн аралығында болуы мүмкін. Соны қызметкерлерге түсіндірдік. Олар дайын болды ондай реакцияға. Өз қызметкерлерімізден бөлек басқа мекемелерден келіп, салдырып жатқан қызметкерлер бар. Мысалы, частный клиника, стационарлардан. 

Жалпы бүгінде «Спутник V»-дің 1300 дозасы облыстағы жеті емдеу мекемесіне таратылды. Олардың бесеуі Көкшетауда, қалған екеуі Зеренді  мен Шучинск қаласында орналасқан. Жауаптылардың айтуынша, өзге елді мекендерге вакцина айдың соңында жеткізіледі. Ал шалғай ауыл халқына екпе егумен мобильді топтар айналысады. Бұл жұмыстарға 62 мейірбике мен 30 дублер жұмылдырылған. 

Арайлым Қасымжанова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:

- 2917 екпе салу мамандары оқытылды. Егер вакцинадан кейін де ауыртқушылықтар болса, олар соған дайын. Осы кезге дейін денсаулығына шағымданғандар жоқ. Өз еркімен екпе алғысы келетіндердің тізімін жүргіземіз. Қарапайым халықтың арасынан өтініштер түсіп жатыр.

Дегенмен, қарапайым халықты жаппай егу қашан басталатыны белгісіз. Өйткені қолда бар ресейлік вакцинаның өзі шектеулі. Әзірге тәуекел тобына жататын азаматтарға ғана салынады. Облыс бойынша олардың саны 100 мыңдай болады.

Авторлар: Назерке Тоқжан, Анатолий Полянный