Ақтаудағы Ана мен бала орталығына қоғамдық көлік қатынамайды

Ақтаудағы Ана мен бала орталығының ұжымы ғимарат маңына қоғамдық көлік жүрмейтінін айтып, редакциямызға шағымданды. Қызметкерлер күн сайын бірнеше автобус ауыстырып, жұмысқа әупірімдеп жетеді. Жас мамандар алыс аялдамадан перзентханаға жаяу келіп жүр. Үш жылдан бері айтылған мәселе биыл шешіле ме? 

Ақзер Аққожаева Ана мен бала орталығының мейірбикесі.  Қызылтөбе ауылында тұратын ол күнделікті таңғы 6-да үйден шығатынын айтады. Алдымен №103 автобуспен қалаға келеді. Бұдан соң басқа қоғамдық көлікке отырып, перзентханадан қашық жердегі аялдамадан түседі. Одан соң 10-15 минут жаяу жүріп, қызмет орнына жетеді.

Ақзер Аққожаева, мейірбике:

- Нәрестелердің жансақтау бөлімінде жұмыс жасаймын. Кезек ауысу уақыты 8-ге 15 минут қалғанда болады. Осыған мен үлгірмей қалып жатамын. Жүгіріп 5 минут қалғанда ғана келемін. Таксимен келетін болсам, таңғы сағат мысалы, 7-де үйден шығамын. Соның өзінде 40 минут уақыт кетеді. Соның өзінде ол таксист тек бір адамды алып кетпейді. Егер бір өзімді әкелетін болса 1000 теңге сұрайды. Мүмкіндік болса, осы орталықтың алдына дейін келетін бір маршрут керек бізге.

Мейірбике Ақзердің өтінішіне әріптестері де қосылады. Ана мен бала орталығы 34-шағын ауданда орналасқан. Ал перзентхана қызметкерлерінің басым көпшілігі төменгі ықшам аудандарда тұрады. Далада автобус күтіп, жұмысқа жаяу жеткенше таксиге отырғанды жөн көреді. Өз кезегінде бір бағытқа 500 теңге төлейді.

Сәуле Алайдарова, акушер-гинеколог:

- Жұмысқа уақытында келмесеңіз, басшылықтан сөз еститініңіз түсінікті жағдай ғой. Мұнда  сағат 9:30-ға дейін жүкті әйелдер медициналық талдаудан өтіп, таңғы асын ішіп болады. Одан әрі өз палатасында дәрігердің қарауын күтіп жатады. Ал біздің 15-20 минутқа дейін жолда кідіріп келетін күндеріміз болады. Сәйкесінше аяғы ауыр қыз-келіншектердің УЗИ, тағы басқа да ем қабылдау бөлмелеріне кешігіп баруына тура келеді. 

Мәселенің қашан шешілерін сұрап, қала әкімдігіне бардық. Бізге сұхбат берген бас маман 33 және 34-шағын аудандар арасында көлік жолы салынып жатқанын алға тартты. Ұзындығы 1,5 шақырымдық асфальт жол биыл қолданысқа берілуі тиіс.

Жалғас Мейлов, «Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» ММ бас маманы:

- Қазіргі таңда 33, 34, 34а шағын аудандар бойымен №26-автомобиль жолының құрылысы жүргізілуде. Аяқталуы ағымдағы жылға жоспарлануда. Аяқталғаннан кейін қалалық №5 және №3 қоғамдық көлігін Ана мен бала орталығының алдына дейін жүргізетін боламыз. Қазір жолдың бастапқы қабаты төселіп, жиек тастары орнатылуда. Қалып тұрған жұмыстары екі қабатты асфальт жабындысын төсеу. Жалпы жұмысы 30 процентке орындалып тұр. 

Айта кетейік, орталық перзентханаға бару үшін қала тұрғындары №3 және №5 автобустарға мінеді. Діттеген жерінен шамамен 500 метрдей қашық жерден  түсіп, одан әрі жаяу барады. Сондай-ақ әр 30-40 минут сайын Мұнайлы ауданынан қатынайтын №104 автобусқа отыруға болады. Бұл бағытта жүретін қоғамдық көлік қан орталығының алдынан тоқтайды.

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев, Ренат Досалиев