Қазақтан шыққан тұңғыш заң ғылымдарының докторы жайлы не білеміз?

Бүгін заң ғылымдарының патриархы атанған ғалым, Ұлттық ғылым академиясының академигі Салық Зимановтың туғанына 100 жыл толды.

Осыған орай тау тұлғамен етене жақын болған, дәрісін тыңдаған бірқатар шәкірті арнамызға сұхбат беріп, ұстаз бейнесін еске алды. Әңгіме барысында олар заңгер өміріндегі көпшілікке беймәлім сәттер жөнінде де баяндады.

Қазыбек Дәуітәлиев – Салық Зимановтың соңғы көмекшісі. Ғалым өмірінің соңғы жылдарына куә болған санаулы жанның бірі. Сондықтан тау тұлғаның көпшілік біле бермейтін қасиеттері мен әдеттері оған мәлім.

Академик сол кездегі мемлекет және қоғам қайраткерлерімен, зиялы қауым өкілдерімен және ел тұтқасын ұстаған азаматтармен хат арқылы пікір алмасқанды жақсы көріпті. Салық Зимановпен ой бөліскен тұлғалардың ішінде Қасым-Жомарт Тоқаев та бар екен.

Қазыбек Дәуітәлиев, заң ғылымдарының кандидаты:

- «Өз қолымен жазады хатты» деп Қасым-Жомарт Кемелұлы туралы жоғары пікірін білдірді және маған айтты. Қазыбек, болашақта бұл кісі ел басқаруға лайық бірден бір тұлға деді. Ол кісі салмақ салып айтқанда, шынайы пікірін білдіргенде әуездетіп, кейбір сөздерін бәсеңдетіп айтатын әдеті бар. Міне, сол кісінің айтқаны орындалды, 2019 жылы, дәл 10 жыл өткеннен кейін барып Қасым-Жомарт Кемелұлы Президент болып сайланды.

Салық Зиманов Абайтану ғылымының көкжиегін кеңейткенін біреу білсе, біреу білмейді. Құнанбай баласының бойындағы би-шешендік қасиетті жүйелі зерттеп, «Абай ережелері» атты ғылыми мақала жазды. 

«Абайды күні бүгінге дейін ұлы ақын деп қарап келдік. Бұл орынды. Орынды болса да, жеткіліксіз. Ұлы ақын өлең сөзбен бейнелеген жүрек сырын, терең ойын тек арманы етіп қалдырмаған. Сол үшін күрескен. Шешендік, билік жолы оның халықтық сана-болмысты биіктетудегі негізгі құралы саналған. Абай – тұтас тұлға. Оның би атануы, биліктері – тұтас тұлғаның күрделі болмысының бір қыры. Ол «Ұлы дала» заңын үлкен қоғамдық күш деп санады. «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» деп жазды.

Қазыбек Дәуітәлиев, заң ғылымдарының кандидаты:

– 20-ғасырдың алпысыншы жылдары Семей өңірінде ақсақалдарды, қарияларды жиыстырып, топ құрып, Абай Құнанбайұлының биліктерін жиыстырды. Осы биліктерінің санын 56-ға жеткізді. Көлемді мақала шығарды. Мен Салық Зимановтың зерттеулерін жалғастырып, Абайдың биліктерінің санын 74-ке жеткіздім бүгінгі таңда. 

Заңгер ғалым қазақ халқының 19 ғасырдың 1-жартысындағы қоғамдық құрылысын, Қазақстанның 18-ғасырдың соңы мен 19-ғасырдың алғашқы жартысындағы саяси құрылысын жан-жақты зерттеген. Кейін бұл зерттеулер кітап болып басылды.  

Есберген Алауханов, заң ғылымдарының докторы:

– 1998 жылы Алматыда Алатау санаторийінде дүниежүзілік ғылыми-практикалық конференция өткізді. Билер соты туралы. «Билер соты – бірегей сот жүйесі», «Суд бииев – уникальная система казахов» деген орыс тілінде екі керемет монография жазды.

Салық Зимановты ел ішінде заң ғылымдарының патриархы деп атайды. Бекер емес. Ол – Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация жобасын дайындады. Жаңа Конституция авторларының бірі ретінде тарихқа енді. Қазақтың ата заңдарын он томдық еңбек етіп басып шығарды.

Рамазан Нұртаев, M.Narikbayev Kazguu University профессоры, заң ғылымдарының докторы:

- Заңдарды тірі материя ретінде суреттеп, алдымызға әкеп жариялап отыратын. Өйткені оның айтатыны – заң біріншіден әлеуметтік қарым-қатынастарға ықпал ету керек.

Ғасырға жуық жасаған заңгер ғалымның артында 500-ден астам ғылыми еңбек пен монография қалды. Қазір еліміздің білім беру мекемелері Салық Зимановтың есімі ұмытылмас үшін осы мол мұраны өскелең ұрпаққа жеткізу бойынша жұмыс істеп жатыр.

Ерлан Сыдықов, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры, тарих ғылымдарының докторы:

- Жазған үлкен зерттеулері бар. Біз соларды жинақтап, том-том кітап қылып шығаруды қолға алып отырмыз. Одан кейін Салық Зиманов студенттерге өмір бойы дәріс оқыған адам. Біздің университетте де жастармен кездескен. Соны еске ала отырып, Салық Зиманов атындағы аудиторияны ашып жатырмыз. 

Қазір еліміздің бірнеше ірі жоғарғы оқу орнында заңгер ғалым атындағы аудитория бар. Енді оның шәкірттері елімізде мемлекет және құқық институтын құруды және оған заң ғылымдарының патриархы – Салық Зиманов есімін беруді ұсынып отыр.

Нұршапағат Несіпбаев

Сондай-ақ...