Павлодарда қаңырап тұрған бес қабатты үй жөндеуден өткізілді

Павлодар қаласының  іргесінде тұрған Ленин кентінде ұзақ жылдар бойы қараусыз қалған көп қабатты үй қалпына келтірілді.

Бес қабатты ғимараттың бос тұрғанына  жиырма жылдың жүзі болыпты. Екі жыл бұрын пәтерлер коммуналдық меншікке өтті. Есік-терезесіз, қабырғасы ғана қалқайып тұрған үй электронды сауда арқылы сатылған екен. Тендерді жеңіп алғандар оны толық жөндеуден өткізді. Қала әкімдігі былтыр мемлекеттік бағдарламамен 29 пәтерді сатып алды. Ол халық тығыз орналасқан өңірлерден Павлодарға қоныс аударушыларға беріледі. Қалған 30 баспанаға пәтер кезегінде тұрған жетім немесе ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар үйінің түлектері қоныстанбақ. 

Салтанат Әкімбекова, қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы:

- Барлық инженерлік коммуникациялар өткізілді. Жылу, су және электр қуатымен қамтамасыз етілді. Жеке қазандық салынған. Сонымен қатар үйдің іші - сырты,  пәтерлер толық жөндеуден өтті. Жалпы 2021 жылы кезекте тұрған адамдарға 165 пәтер сатып алуды көздеп отырмыз. Баспаналар екінші нарық бойынша алынады және осы мақсатқа республикалық бюджеттен 1,6 млрд теңге бөлінді.