Алматы облысындағы ауыл халқы үшін резеңке етік үйреншікті аяқ киімге айналған

Екпінді ауылының тұрғындары үшін резеңке етіктен артық аяқ киім жоқ. Өйткені қар еріп, жауын жауса болды көшеден көрік, адамнан ерік кетеді. Мектепке баратын балалар тізеден балшық кешіп, ит әуре. 

Алмас Садуақас, тілші:

- Бөлек батыр көшесіндегі 50-ге жуық отбасы ауылдан мүлдем бөлек қалғандай болдық дейді. Өйткені күз-көктемде балшыққа айналатын көшемен қонышы биік етік кимесеңіз мүлдем жүре алмайсыз.

Екі күн бойы Екпіндіде жауын төкті. Іле ауданына қарасты бұл ауылда әлі асфальт төселінбеген екі көше қалыпты. Соның бірі осы Бөлек батыр көшесі. Былтыр күзде көшенің тұрғындары жиналып жергілікті әкімдікке көшеге асфальт төсеп беріңіздер деп өтініш айтқан. Алайда әзіргі көше көрінісі осындай.

Мәриям Бекмұхамбетова, ауыл тұрғыны:

- Мына көшеміздің сиқын көріп тұрсыңдар. Не жазда, не қыста жүре алмаймыз. Батпақ. Жазда шаң-тозаң, топырақ жұтамыз. Аурудың бәрі бізге келеді. Не поликлиникаға, не балдарымыздың мектепке баруы қиын. 

Зылиха Ділімова, ауыл тұрғыны:

- Қашан күн ысып, жаз болады, соған дейін белшемізден батып, лайды кешіп балдарымыз мектепке батып, барып келеді. Біз өздеріміз резеңке етік киіп, кешіп шығамыз. Өтініш! Ең болмаса бір асфальт құрып беріңізші біздерге.

Үш шақырымға созылған көше ауылдағы орта мектепке барып тіреледі. Оқушылардың дәл осы көшемен сабаққа баруы қиын. Қоныштарына дейін су кіріп, езілген балшық етіктертіне жабысып, жүрісін тежейді. Мектеп те, бұл маңдағы үйлер де бертінде бой көтерді. Электр жарығы, табиғи газдан тапшылық жоқ. Бірақ бір ғана мәселе - көше жөнделмей тұр.

Жергілікті әкімдік өкілдерінің айтуынша, былтыр көшеде су және арық жүйесін жүргізу жұмыстары аяқталмай қалған.

Жомарт Ахатбеков, Междуреченск ауылдық округі әкімдігінің бас маманы:

- Күзде осы жерден су жүйесін өткіземіз деп отырмыз. Проектісі өтті, экспертизада жатыр 11,9 шақырым. Жол жасалғанымен ол қайтадан қазылады. Құдық қойылады. Труба тартылғаннан кейін ол жол босқа болмайды. Соны биылға қойдырып отырмыз.

Бөлек батыр көшесін орталықтандырылған су жүйесіне қосу келесі айда басталады. Жұмыс жоспардағыдай жүрсе күзге салым аяқталуы тиіс.

«Тек содан кейін ғана асфальт төселеді», - дейді жергілікті әкімдік мамандары.

Ал Екпіндінің тұрғындары болса жұмыс ұзаққа созылып кетпесе болды деп уайымдап отыр.

Авторлар: Алмас Садуақас, Нұрдәулет Жақсыбаев