Бүркітшілер ел біріншілігіне дайындалып жатыр

Алматы облысының бүркітшілері Өскеменде өтетін ел біріншілігіне қатысады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Республикалық сайысқа Жетісудан 5 бүркіт, 3 ителгі, 3 сұңқар барады. Құстардың барлығы да халықаралық жарыстарда бірнеше мәрте топ жарған қырандар.

Ардақ Айбарұлы, тілші:

- Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Қазақстан ауылында тұратын Ерсұлтан Жұмағұл 12 жасынан құсбегілікпен айналыса бастапты. Ол өткен жылы бала бүркітшілер арасындағы облыстық жарыста үшінші орын алды. Бүркітінің аты – Мұзбалақ. Жас бүркітші қыранның балапанын қолға қондырып, шырғаға салып, тау баурайында тыңғылықты жаттығу жасап жүр.

Ерсұлтан Жұмағұл, жас бүркітші:

- Алла қаласа, келесі жылғы чемпион деп болжап отырмыз осы Мұзбалақты. Әйгілі Қараш-қараш деген тау бар ғой, сол жақтан әкелінген бүркіт балапан кезінен. Адамда өзі қорқыныш болмау керек. Бүркіт деген қорқынышты біліп тұрады, қорқып тұрғаныңды және айтады ғой, бүркіттің жанында темекі шегіп, өйтуге болмайды негізі. Өйткені ол киелі құс.

Ерсұлтанның сөзінен аңғарғанымыз, ол жас та болса, құсбегіліктің қыр-сырына қанық. «Жеті қазынаның бірі – қыран бүркіт табиғатынан өкпелегіш келеді. Кек сақтайды. Сондықтан оған қатты сөйлеуге болмайды. Өйткені ол айтқаныңның бәрін түсінетін ақылды құс», - дейді Ерсұлтан. Ал Ерсұлтанның бапкері Елтай Мүптекеев Алматы облысы бүркітшілерінің аға жаттықтырушысы болып жұмыс істейді. Жабайы бүркітті екі айда қолға үйретуге болады екен.

Елтай Мүптекеев, облыс бүркітшілерінің аға жаттықтырушысы:

- Бүркітті бізде екі түрлі алып үйретеді. Біреуі жаңағы түзден жабайы түрде. Біреуін қолдан қолбала ретінде таудан ұясынан алып үйретеді. Қолбаланы енді, әрине, өзіміз үйретеміз бәрін кішкентай ақүрпек кезінен, иә болмаса, қанаттанғаннан ұясынан аламыз да, кішкентайынан баптаймыз. Яғни, ұшуды, өзіміз тәрбиелейміз ғой, былай айтқанда, аңға салып.

Алматы облысында өткен жылы «Қыран» дәстүрлі аңшылық орталығы құрылып, жұмыс істей бастады. Мақсат – құсбегілікке қатысты ата-дәстүрімізді насихаттап, ұрпақтан ұрпаққа аманаттау. «Қыран» орталығы алдымыздағы қараша, желтоқсан айында салбурын ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Ол халықаралық фестиваль ретінде өтеді.

Елтай Мүптекеев, Алматы облысы бүркітшілерінің аға жаттықтырушысы:

- Біздің ұлттық спорт басқармасымен келісіп, осы күзде Алла бұйырса, ниет қылып жатырмыз. Осы қыран ұстаған мемлекеттер мысалы Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Арабия, Чехия, Германия, дүниежүзінен келеді ғой.

Ал Шығыс Қазақстан облысында оздырылатын республикалық бүркітшілер жарысына Жетісу жерінен 5 бүркіт, 3 ителгі, 3 сұңқар қатысады. Олар ел біріншілігіне тастүйін дайын.

Ардақ АЙбарұлы, тілші:

- Алматы облысында 40 шақты бүркіт бар. Менің қолымдағы Дәуір атты қыран. Өзі екі дүркін республикалық чемпионаттардың жеңімпазы. Алдағы Өскеменде өтетін жарысқа осы қыран баратын болады.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев