Жамбылда 50 тоннадан астам жабайы қарасора жойылды

Жамбылда 251 гектар жерді жайлаған 50 тоннадан астам жабайы қарасора жойылды, деп хабарлады Polisia.kz.

Былтыр Жамбыл облысында 251 гектар жерден 50 тоннадан астам жабайы қарасора жойылған. Бұл жұмыстар жерді жырту, шабу, өртеу және гербицидтерді қолдану арқылы жүзеге асқан. Бұл туралы Жамбыл облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Асқар Жұмабеков айтты.

Айтуынша, өткен жылы өңірде заңсыз айналымнан 3 тонна 277 келі әртүрлі есірткі заты тәркіленген. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 284 келіге көбірек. Зиянды заттардың басым бөлігі, яғни 3 тонна 199 келі марихуана, 1 келіден астам героин, 75 келіден астам гашиш және 2 келіден аса синтетикалық есірткі заттары тәркіленді.

«Былтыр Жамбыл облысы бойынша 815 есірткі қылмысы тіркелді. Оның ішінде 220 қылмыс дерегі және 595 қылмыстық теріс қылықтар. Есірткі заттарын сатып, оңай олжаға кенелгісі келгендерге қатысты 120 дерек анықталған. Ал есірткі затын аса ірі мөлшерде сақтау бойынша қылмыстардың жалпы саны 68 болса, есірткі контрабандасының алты дерегі бар», – деді А.Жұмабеков.