Павлодарлық тұрғын жекеменшік нумизматика музейін ашуды армандайды

34 жастағы коллекционер көне және қазіргі заманғы ақша үлгілерін оқушы кезінен бері жинап жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айтуынша, жәдігерлер Ертіс-Баян өңірінің туризмін дамытып, бірегей рухани азық ордасына айналады.

Эдуард Лампартердің негізгі мамандығы – антрополог. Адамның шыққан тегі мен дамуын зерттеумен қатар, нумизматикаға да ден қойыпты. Оның жеке коллекциясындағы алғашқы тиындар бірінші сыныпта оқып жүргенде пайда болған. Сол кезден бастап, қорын толықтырумен келеді.

Эдуард Лампартер, коллекционер:

– Ақша үлгілерін 1992 жылдан бері жинап келемін. Коллекцияда мыңдаған қағаз, металл ақшалары, сонымен қатар құнды облигациялар сақтаулы. Сонымен қатар ақша айналымына қатысты өзге жәдігерлер бар. Мәселен, көне әмияндарды да жинақтап жатырмын.

Жәдігерлердің ең көнесі және сирегі, бұл – 14-15 ғасырда Алтын Орда дәуірінде айналымда болған тиындар. Темір және қоладан соғылған ақша үлгілерінде көне араб тіліндегі жазбалар көрінеді. Патшалық Ресей, кеңестік кезең мен Тәуелсіз Қазақстанның да ақшалары кездеседі. Бай коллекция бүгінде Эдуардтың пәтерінде жинақталған. Келешекте жекеменшік музейге айналдыруды армандайы.

Эдуард Лампартер, коллекционер:

– Жекеменшік музей бизнесі – Қазақстан үшін таңсық дүние. Аймақта жеке музей ұйымдары жоқтың қасы. Ал көне заманнан бүгінгі күнге дейінгі ақша тарихына арналған нумизматика мұражайы деген мүлдем жоқ. Өзім саяхаттаған елдерде жеке музейлер желісі қарқынды дамыған. Бұл тәжірибе бізге де керек. Қолдау болса, музей ашуға атсалысамын.

Павлодарда әзірге ақша үлгілеріне арналған шағын экпозициялар ұйымдастырылған. География үйінің жанындағы коллекциямен кез келген адам таныса алады. Ал Эдуард Лампартердің қорында бір музейге тартатын экспонаттар бар.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- 20 жылдан астам тарихы бар жеке коллекцияда сирек кездесетін тиындар мен құнды қағаздар ғана емес, қазіргі заман айналымындағы қағаз ақшалар баршылық. Қордың бір бөлігі коллекционер саяхаттаған елдерден әкелінген. Бүгінде коллекциядағы жәдігерлер саны 10 мың бірліктен асыпты. Бір музейге жететін дүние. Эдуард Лампартер жергілікті биліктен қолдау сұрағанмен, идеяны қолдаушылар әлі күнге дейін табылмапты.

Ақмарал Есімханова және Марат Игіліков