Ақтауда 12 оқушыдан коронавирус анықталды

Маңғыстау облысында 12 оқушыдан коронавирус анықталды. Олардың бесеуі мектепте, қалғаны қашықтан оқиды.

Дертке шалдыққан балалар Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданында тұрады. Қазіргі уақытта бақылауға алынды.

Дәрігерлердің айтуынша, басым көпшілігі вирусты жақындарынан жұқтырған. Жалпы 2020 жылдың қыркүйегінен бастап наурыз айының ортасына дейін бұл өңірде 142 оқушының COVID-19 ауырғаны айтылады. Тек өткен тәуліктің өзінде тағы 2 жағдай тіркелді. Бұл жолғы науқастар ересек адамдар.

Асылбек Шаров, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

- Анықталған 12 оқушының 11-і үйде қарым-қатынас арқылы, 1 оқушы жедел операцияға дайындық барысында анықталып отыр. Мектептерде жаппай ауырып жатқан балалар жоқ. Басында біздер 1 бала шықса, барлық мектепті жабатын едік. Қазіргі таңда әртүрлі алгоримге байланысты сол класс жабылады. Толық балабақша немесе болмаса мектеп жабылмайды. Сол ошақта жұмыс жасалады.