Ақтау жағалауында шахмат тақталары орнатылды

Маңғыстау жұрты енді Каспий жағасында бой сергітумен шектелмейді. Ой сергітіп, шахмат ойнауына да болды.

Мұндай мүмкіндікті жергілікті шахмат клубының жетекшісі Әнуар Шайхымов ұсынып отыр. Әнуар өз шәкірттерінің көмегімен 14-ші шағынаудандағы жағажайға 10 ойын тақтасын орнатты. Жел ұшырып әкетпес үшін әр тақта темір бөшке үстіне бекітілген. Осылайша, ақыл-ойға, парасат-пайымға құрылған спорт түрін теңіз жағасында меңгеруге болады. Тіпті пікірлес достардың, жалпы көпшіліктің демалыс күндері табиғат аясында кішігірім бәсекеге де жол ашық. Қойылған тақта, тігілген тастар шеберлікті шыңдауға да мүмкіндік береді. Салиқалы іске бейім жоба авторы серуендеушілер арасында «Жағалаудағы жарыс» атты турнир өткізуді де жоспарлап жүр.

Әнуар Шайхымов, шахмат мектебінің жетекшісі:

- Бұл бөшкелер әншейін қойыла салған жоқ. Оларды өзіміз іздестіріп, таптық. Үстіне ойын тақтасын орнатқасын әр бөшкенің сыртын әсемдеп, сырлап шықтық. Қолданылған бояу жел, жаңбырдың әсеріне төзімді. Сәйкесінше, ұзақ уақыт қолдануға болады. Келешекте мұндай ойын тақталарының санын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Демеуші табылса, бұл жұмыстардың тез арада жасалары сөзсіз.