Қостанайлық бағбандар жарық пен сусыз қалуы мүмкін

Қала маңындағы «Мелиоратор» саяжайының электр қуатына деген берешегі миллион теңгеден асып кеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қарыз мамыр айына дейін өтелмесе, саяжай жарықтан ажыратылады. Бұл өнім алуға үлкен қауіп. Бағбандар бар кінәні кооперативтің бұрынғы жетекшісіне артып отыр.

Лариса Славинская жас көшеттерді бақша үшін әлдебұрын сайлап қойған. Бірақ еңбегі өнбей қалатын түрі бар. Бір айдан кейін «Мелиоратор» саяжайының жарық пен сусыз қалу қаупі бар.

Лариса Славинская, бағбан:

– Биыл қар мол жауды. Мамыр айында да топырақта ылғал жеткілікті болады. Қазірден бастап суды бәктерге мейлінше толтырып жатырмыз.

Осылайша мыңдаған бағбанның бар үміті қысқы жауында. 1,2 млн теңге қарыз үшін кооператив жарықтан ағытылады деген хабар жақында келіп жетті.

Наталья Лаврова, бағбан:

– Мамырда суғару маусымы басталады. Жарықтан ағытылсақ, бақшамызды суғара алмаймыз. Ал электр қуатынсыз су ақпайды. Сонда көшеттер егіп, саяжай ұстаудан пайда жоқ боп тұр.

Қарызға кім кінәлі? Осы сұрақ төңірегінде дау-дамай өткен айдан басталған. Жазғы маусым үшін қауымдастықтың толық есеп айырысқаны белгілі. Төлем күзден бері жасалмаған. 

Әнуар Тілеуов, Қостанай аудандық электр желілерінің басшысы:

– Қарыз былтырдың қарашасынан бастап биылдың ақпан айына дейінгі аралықты қамтиды. Есептегіш қондырғыларына тексеру жасалғанда мәселенің мән-жайы айқындалды. Яғни тұрғын үй абоненттері тоқ көзіне жоғары қуатты трансформаттор арқылы қосылғанын анықтадық.

129 жанұя қыс мезгілін саяжай аумағында өткерген. Демек үйлердің дені электр қуатымен жылытылды деген сөз.

Анзор Донкаев, саяжай қауымдастығының төрағасы:

– Бізге осында тіркелуге рұқсат бергелі адамдардың саны жылдан жылға артты. Әрине, тұрғындар саны көбейген сайын тұтынуға қажет электр қуатына да сұраныс артады. Сөйтіп қуаты мың килловат трансформаторға қосылуды дұрыс деп таптық. Бірақ ол тек суғару кезінде іске қосылады.

Қыс бойы қордаланған қарызды өтеуге саяжай тұрғындарының ниеті жоқ. Сондықтан төлем барлығына ортақ болсын деген ұсыныс айтылып жатыр. Есептесу мүшелік жарнасы арқылы жүзеге аспақ. Жалпы туындаған түсініспеушіліктерге кооперативтің бұрынғы жетекшісінің кінәсі бар дейді жиналғандар.

Светлана Климко, саяжай тұрғыны:

– Бұрынғы төрағаның жауапсыздығынан опық жеп отырмыз. Ол аудандық электр желілері өкілдерін ескертпей тұтынушыларды мың килловаттық трансформаторға қосқан. Оның бұл әрекетінен бізде хабарсыз болдық. Енді айналған киловаттар үшін соманы өзімізге өтеуден басқа амал жоқ.

Бұрынғы төрағаның да айтары бар. Тиісті келісімдер рәсімделіп, төлемақының қымбаттайтыны туралы бәріне ескертілді дейді. 

Федор Юхалко, саяжай қауымдастығының экс-төрағасы:

– Мың киловаттық трансформатор арқылы электр қуатын тұтынғанда шығындар болады. Бұл жайында мен үнсіз қалмадым. Шығындарды өтеуге барлығы да келісім берді. Қол қойылған құжаттардың бәрі түгел. Мұның бәрі қысы-жазы саяжайда тұратындар мен тек суғаруға келетіндер арасында кейін түсініспешулік туындамас үшін жасалған. Сол себепті қосымша есептеу құрылғысын орнаттық.

Қарызды кім және қалай өтеу туралы дау ұзаққа созылатын түрі бар. Мәселе ашық күйінде қалып отыр. Бағбандар берешекті мамыр айына дейін өтеуге тиіс.

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров