Маңғыстау облысында жолдың сапалы салынуын қадағалайтын топ құрылды

Маңғыстау облысында жолдың сапалы салынуын бақылайтын мониторингтік топ құрылды. «Халықтық бақылау кеңесі» кем-кетігі көп сала мәселесін үнемі көтеріп жүрген қоғам белсенділерінен құралған. Олар Ақтауды әуежаймен жалғайтын автомобиль жолында жоспардан тыс алғашқы рейд өткізді.

Биыл Ақтау әуежайына апаратын асфальт жолды төрт жолаққа кеңейту басталды. Бұл жұмыстар жалпы құны 11 млрд теңгеден асатын «Ақтау - Форт-Шевченко» жолын қайта жаңғырту жобасы аясында жүргізіліп жатыр. Жоспар бойынша әуежайдан бастап теңіз жағалауындағы бес жұлдызды қонақүйге дейін су жаңа жол төселеді. Бірінші кезеңде оның 5-29 шақырымы жөнделуі тиіс.

Жолдың жайын көтеріп жүрген белсенді азаматтар бүгін оның сапасы қалай тексерілетінін өз көзімен көрді. Трассаның жобада көрсетілген өлшемдері іс жүзінде қаншалықты сақталып жатқанымен бақылаушы мамандар қызметімен егжей-тегжейлі танысты. Рейд нәтижесі бойынша акт толтырылып, тараптар қол қойды.

Дайрабай Үсіпбаев, мониторингтік топ мүшесі:

- Мемлекет басшысы өз сөзінде айтып кетті, осы жолдардың сапасына өте жоғары көңіл бөліну керектігі жөнінде. Көңілі толмайтындығы жөнінде бүгінгі таңдағы. Соған мынау халықтың тарапынан бақылау, күшейту керектігі жөнінде тапсырма берген болатын. Жолдың біткені емес, міне бітпей тұрып алдын ала осының сапасын қарап халықтың тарапынан келіп, мониторинг жасап жатқан жайымыз бар. Осындай топтар көбірек болса, әрине сапа да өзінің орнына келеді деп ойлаймын.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Жолдардың сапасын бақылайтын мемлекеттік мекеме дәл осындай соңғы үлгідегі техникамен жарақтанған. Мәселен, жылжымалы зертханада 3 бейнекамера бар. Бұл құрылғылар жолдың енін, тіптен оның бетінде сырланған жолақтардың ара қашықтығына дәл өлшемдерді алуға мүмкіндік береді.

Бұл жолдың техникалық өлшемдері талапқа сай болып шықты. Ал алынған сынамалар 3 тәулік Ақтаудағы зертханада талданады. Қандай да бір кемшілік анықталған жағдайда дереу құзырлы органға қызметтік хат жазылып, мердігер мекеме қатесін түземейінше бақылау рейді жалғаса береді.

Аят Сүгірбай, облыстық мәслихат депутаты:

- Бұл жол туристік бағытта қолға алынған жұмыс. Оған қыруар қаржы бөлінді. Сондықтан жоғары сапада болуын, қазір мысалы құрылысы басталды. Ертеңгі күні тапсырғанға дейінгі аралықтағы барлық жұмыстар нормаға сай болуы қажеттігін біз үнемі бақылап отыратын боламыз. Қалаішілік, ауылішілік облысаралық жолдардың барлығын да «Халықтық бақылаудың» назарында ұстауға біздің үлкен жоспарымыз бар.

Елтай Таялиев, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК филиалының директоры:

- «Жалғыздың үні шықпас» дейді ғой. Мынау қате, мынау дұрыс дегеннен гөрі біз қазір кеңес құрдық. Белсенді азаматтар, бұл кісілердің де сөздері өтеді. Маңғыстау облысында ауа райының жылуына байланысты қазір жол құрылыстары басталып жатыр. 63 рет жолға шығыппыз. Бүгінгі таңда 170 материал алғанбыз. Әкеліп сынаудан өткіздік. Соның 11-і стандартқа сәйкес келмей тұр. Мердігер мен жұмыс беруші мекемеге хат жолдадық. Олар өз қателіктерін түзейтін болады. Бізге хаттама түрінде жауап береді.

Таяуда бірінші шағын аудандағы автокөлік орталығынан Өмірзақ ауылына дейінгі автомобиль жолы да қайта төселе бастады. Ұзындығы 4,5 шақырымдық трасса қала іргесіндегі туристік аймақта көлік қозғалысын айтарлық жеңілдетеді. Бұл бағытта жөндеу жұмыстарының сапалы атқарылуын мониторингтік топ бақылауға алды.

Авторлар: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев