ШҚО-да шалғайдағы жұртты «жылжымалы медициналық кешен» көмегімен вакциналау басталды

Қазір 16 мобильдік пункт ауыл-аймақты аралап жүр. Алыстағы ағайын арасында індеттен құтылудың жалғыз жолы екпе салдыру екенін түсініп, вакцина алып жатқандар баршылық.

Ел екпе салатын пунктке өздері барып жүрсе, Қатонқарағайдағы ауылдарға мұндай пунктің өзі келді. «Жылжымалы медициналық кешен» деп отырғанымыз мына автобус. Ол алдымен осындағы Новохайрузовка ауылына тоқтады.

Жомарт Төлеубергенов – шаруа қожалығының иесі. Қол астындағы жұмысшыларға үлгі көрсетіп, кәсібі тоқырап қалмау үшін вакцина салдыруды жөн санапты.

Жомарт Төлеубергенов, Новохайрузовка ауылының тұрғыны:

– Денсаулықтан қымбат не бар.?Сондықтан мен осы вакцинамен қамтамасыз етіліп жатқанына қуаныштымын. Оның үстіне қол астымда қаншама жұмысшым бар. Біріміз ауырсақ, бүкіл шаруа тоқтап қалады. Екпе салдыру жұқпалы дертті жеңудің жалғыз амалы деп ойлаймын.

Денсаулығы, отбасы мен кәсібі үшін алаңдаған азамат вакцина салдыруға жұбайын да ерте келген.

Зейнеткерлердің айтуынша,олар екпе егу туралы шешімді бүкіл отбасы болып, бір ауыздан қабылдаған.

Нағима Төлеубергенова, Новохайрузовка ауылының тұрғыны:

– Осы вакцинаға сенемін. Үйде ақылдасып, келісімге келдік. Екеуміз де аламыз деп, қалада қызым да алды. Бәріміз ақылдасып осындай тоқтамға келдік.

Вакцина салдыруға ерікті түрде келіп жатқандардың ішінде жас та, кәрі де бар. Жылжымалы екпе пунктінің ел ішін аралап жүргені тиімді дейді жұрт. Ирина Дементьева 74 жаста. Қария вакциналау жүріп жатқанын ести сала осында келіпті.

Ирина Дементьева, зейнеткер:

– Қыста жағдай тіпті қорқынышты болды. Газет пен теледидардан қаншама адамның ауырып жатқанын оқып, көріп жүрдік. Міне, жаңа ғана екпе салдырып шықтым. Ешқандай кері әсерін байқамадым. Қазір барып үйімді сырлаймын.

Бұл ауылда шамамен 40 шақты адамға вакцина салармыз деген жоспармен келген бригада түс ауғанша отыз шақты адамға екпе екті. Бұл науқанды енді көрші ауылдың халқы да естіп, кезекке тұрып жатыр дейді дәрігерлер.

Сәуле Байгереева, Қатонқарағай аудандық ауруханасының бас дәрігері:

– Қазіргі уақытта екпе аламыз деп ұмтылып, ауылдың бірталай адамдары екпені біздің жылжымалы кешенді тосып отыр. Поляковка ауылында 50-60 адам күтуде. Енді бүгін Хайрузовкадан шыққаннан кейін басқа ауылдарға барып екпе жұмыстарын жалғастыра береміз.

Қатонқарағай ауданына әзірге вакцинаның 600-ден астам дозасы әкелініпті. Осы айдың соңына қарай тағы 1600 доза жеткізіледі деп жоспарланған.

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов

Сондай-ақ...