Ақсай қаласында жаңадан салынған спорт алаңдары қирап жатыр

Батыс Қазақстан облысының Ақсай қаласында жаңадан салынған спорт алаңдары қирап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірер жыл бұрын бюджеттен 8 нысан салуға 137 млн теңге бөлінген. Алайда мердігер жұмысты сапасыз жүргізген. Жергілікті әкімдік «Алсед» ЖШС үстінен сотқа шағым түсірді. Сот шешімімен жауапты компанияға биыл 23 сәуірге дейін кемшіліктерді жою міндеттелді. Бірақ бүгінге дейін ешқандай жөндеу жұмыстары жүрмеген. Кейбір спорт алаңдарын бұзақылар қиратып тастапты. Металл жабдықтарды ұрлап кеткен.

Мейрамбек Сыдықов, Ақсай қаласының тұрғыны:

- Бір жылдан асар-аспас уақытта көбінің іске жарамсыз болып қалғаны ата-аналар үшін өте өкініш болып тұр. Бұл енді балалардың игілігіне берілгеннен кейін оны мейлінше күтіп, дұрыстап ұстаған адами тұрғыдан дұрыс деп есептеймін.

Мөлдір Садырғалиева, БҚО ПД баспасөз қызметінің жетекші маманы:

- Аталмыш жайтқа қатысты жергілікті атқарушы органдардан немесе тұрғындардан Бөрлі аудандық полиция бөліміне шағым түспеген. Ол жерде бейнебақылау камералары орнатылмаған. Дегенмен, «Смарт Ақсай» жобасы аясында орналастыру жоспарда бар.