Қордай ауданында ата-кәсіпті бизнеспен үйлестірген шебер тұрады

Жамбыл облысы Қордай ауданында ағаштан түйін түйіп, ата-кәсіпті бизнеспен үйлестірген шебер тұрады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Медетбай Омаров мүмкіндігі шектеулі бола тұра ағаштан саз аспаптары мен есік, сандық сияқты үй жиһаздарын жасайды. Тапсырыс болса өзге де бұйымдарды әзірлеп береді. Қазір әсіресе, оның қолынан шыққан домбыраларға сұраныс жоғары.

Медетбай Омаров бұл іске тоқырау жылдары келген. «Ол жұмыс та, қаражат та тапшы күрделі кезең еді. Үйренуге тура келді», - дейді ол. Көршісінің қасында көмектесіп жүріп меңгеріп алған. Содан бері 30 жылға жуықтапты. Қазір ағаш шебері денсаулығына байланысты жұмысқа шыға алмайды. Мүмкіндігі шектеулі жан бос уақытын босқа өткізбей ағаштан түрлі бұйымдар жасап нәпақасын тауып отыр. «Ауыл тұрғыны өнерін өзгелерге үйретуге дайын. Бірақ бүгінде шеберлік ісіне қызығатындар жоқтың қасы», - дейді ол.

Медетбай Омаров, ағаш шебері:

- «Үйретейін десең қанша ақша төлейсің?» дейді. «Мен үйретуім керек, саған ақша төлеуім керек пе?» деймін. Мен үйренгенде ешкім ақша төлеген жоқ қой. Қайта мен барып ұстаның мастерскойын ол түскі асқа кеткенде тазалап қоятынмын. Жас балалар ғой. «Қанша ақша төлейсің?» дейді. «Үйренуді ойлаңдар, ақша өзінен өзі сосын келе береді», деп айтсам. «Жоқ, аға, ақша бер» дейді...

Шебер домбыраны үш түрлі ағаштан дайындайды. Негізінен емен, шырша, қарағайды пайдаланады. «Бұдан аспап төзімді әрі ерекше дыбыс береді», - дейді ол.

Сұлтанай Ниетқабылов, домбырашы:

- Ағаштардың ғұмыры ұзақтау болады. Жылдаған сайын шығу керек. Бос ағаштан жасалғандар жылдан жылға өшеді. Бұның барлығын теңдей қылып шығару, дыбысын да бірдей қылып шығару оңай зат емес ол. Кетпеу керек былай-былай. Қылдай кетпеу керек.

Медетбай шебер ағаштан жасалатын ыдыс-аяққа ден қойып, шеберханасын кеңейтпек. Алайда банкке кепілге қоятын мүлкі болмағандықтан, жеңілдетілген несиеге қол жеткізе алмай отыр.

Медетбай Омаров, ағаш шебері:

- Мысалы мен барам. Оқимын да. Бірдеңе тігу керек. Қою керек несиеге. Қоятын ештеңе жоқ. Үй ше? Бұл біреудің атында тұрған үй ғой. Өзімнің үйім ана жақта. Ол миллион да тұрмайды. Пайдасы жоқ, сосын неғылам оны уақытымды кетіріп оған. Одан да бір-екі сағат жұмысымды істесем, азғантай ақша болады.

Қазір аптасына бір домбыра жасап шығарады. Сұраныс бар. Дайын өнімді Алматының базарларына саудалайды.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә