Ақмола облысының Степняк қаласында баспана құрылысы қарқындады

Ақмола облысының Степняк қаласында соңғы жылдары баспана құрылысы қарқын алды. 4 мың ғана халқы бар шағын шаһар үшін – бұл таңсық жағдай. Себебі 2018 жылға дейін мұнда бір де бір көп қабатты үй салынған емес. Осылайша бүгінге дейін бірнеше жаңа үй тапсырылса, биыл 5 үй ел игілігіне берілмек. Баспаналар «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бой көтерді.

Жәйнар Ахметова, жақында ойламаған жерден баспаналы болды. 12 жыл бойы мұғалім ретінде кезекте тұрған келіншек, төртінші баласы өмірге келгенде көпбалалы аналардың тізіміне ауысып, сөйтіп небәрі жарты жылдың ішінде 3 бөлмелі пәтерге ие болды. Қуанышы әлі күнге дейін басыла қоймаған ана «бұл да болса балаларымның несібесі ғой» деп, дән риза. 

Жәйнар Ахметова, көп балалы ана:

- 5-6 ай ғана күттік пәтерімізді. Міне, 22 наурыз қарсаңына қарай қолымызға кілттерімізді беріп, осы міне, өз үйімізге ие болып жатырмыз. Құдайға тәуба айтам. Міне балаларымыздың арқасында көп балалы ана ретінде алып отырмын.

Қазір шаһардан тағы бір үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жоба құны 200 млн теңгеге жуықтайды. 21 пәтерлі тұрғын үй әлеуметтік осал топтағы жандар үшін арнайы салынып жатыр. Яғни бұл нысаннан жетімдер, көп балалы және жалғызбасты аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен зейнеткерлер баспана ала алады. Үш қабатты үй күзге қарай пайдалануға берілмек.

Бахтияр Мұстафин, Біржан сал аудандық құрылыс және сәулет бөлімінің жетекшісі

- 21 пәтердің 9-ы 3 бөлмелі, тағы 9-ы 2 бөлмелі және үшеуі 1 бөлмелі болады. Құрылыс кестеге сай жүргізіліп жатыр. Ешқандай кешігу жоқ. Бұйыртса тамыздың соңында тапсырамыз. 

Жергілікті билік өкілдерінің мәліметінше, биыл тағы дәл осындай 2 үйдің құрылысы басталады. Мұнан бөлек енді 5 қабатты үйлер де салу қолға алынбақ. Ондай 3 үй жоспарланған. Оларда бас-аяғы 120 пәтер болады. Ал алдағы жылдары әрқайсысы 36 пәтерлі 6 үй тұрғызу межесі бар. Осылайша кезектегі 350 адам бірнеше жылдың ішінде баспанамен қамтамасыз етілмек. 

Авторлар: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко