Ақтауда бүкіләлемдік кестелеу күніне орай онлайн сайыс өткізіледі

Ақтаудағы украин этномәдени бірлестік мүшелері бүкіләлемдік кестелеу күніне қызу дайындық үстінде, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл атаулы датаға 15 жыл. Осыған орай әдеттегілей мәдени шара өткізумен шектелмей, онлайн сайыс өткізуді ұйғарған. Оған кез келген адам қатыса алады. Бұл үшін өз қолымен тоқылған сырт киім не көйлекті фотоға түсіріп, әлеуметтік желі арқылы жолдауы қажет. Жеңімпаздар есімі 20 мамыр күні жарияланады.

Валентина Пономоренко Ақтауда өтетін концерттік шараларда ән салуымен танымал. Зейнеткердің тігіншілік өнері де қала халқына жақсы таныс. Қолөнер шебері осымен төртінші көйлекке украиндік үлгімен кесте тоқып жатыр. Дайын болғасын 1 мамыр мерекесінде құрбыларына сыйлап қуантпақ.

Валентина Пономаренко, Т.Шевченко атындағы украин эмб мүшесі:

- Ұмытпасам, ең алғаш рет көйлекке 1998 жылы кесте тоқыдым. Содан бері қол үзбей келем. Алдымен қағазға қарандашпен үлгілерді сызып аламын. Оны матаға қойып, бормен белгілеймін. Сосын үстіне әр түсті жіптермен із салып шығамын. Осылайша, киім құлпырып сала береді. Күндіз үй шаруасынан қол тимейді. Тігінді түнде отырып жасаймын.

Валентина әжей 10 жылдан астам уақыт «Смеричка» ансамблінің әншісі. Сахнаға киіп шығатын көйлектердің барлығын да өзі тіккенін айтады. Соңғы кездері бұрын сәнге айналған бас киімдерді тоқуды қолға алыпты. Ісмер кейуана бүкіләлемдік кестелеу күніне арналған сайысты саралап, жеңімпаздарды анықтайтын қазылар алқасының мүшесі.

Оксана Белоножкина, Т.Шевченко атындағы украин эмб төрағасы:

- Биылғы байқауға еліміздің барлық өңірінен өтінімдер толассыз түсіп жатыр. Сайыстың мақсаты да осында. Адамдарды қолөнерге баулу, тігіншілік қабілетін арттыру. Бұл ретте тек украиндік үлгіде ғана емес, қазақ және тағы басқа да ұлттардың өзіндік кестелеу өнерін көпшілікке насихаттауды көздеп отырмыз.

Соңғы екі аптада 40-қа тарта өтінім қабылданған. Дені шығыс, орталық өңірлерден келіпті. 20 мамырға дейін олардың саны көбейері сөзсіз. Киімге әдемі кесте тоқуымен көзге түскен жандарға сый-сияпат беріледі.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев