БҚО-ның Бөрлі ауданында жұмысшы мамандар жетіспейді

Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында жұмысшы мамандар жетіспейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе, жол жөндеу саласы мен қала тазалығына жауапты кәсіпорындар тығырыққа тірелді. Ал биыл жұмыссыз ретінде тіркелген 500-ден аса тұрғын бұрын аудан аумағындағы мұнай-газ кеніштерінде еңбек еткен. «Сондықтан олардың аз жалақыға барғысы жоқ», - дейді жұмыспен қамту бөліміндегілер.

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

- Бақытжамал Құсдәулетова 30 жылдан аса уақыт коммуналдық шаруашылық саласында еңбек етіп келеді. Зейнет жасына жетіп қалса да әлі тың, қимылы ширақ. Темір тұлпарды өзі тақымдап, күл-қоқыс атаулының қала аумағынан уақтылы шығарылуына бас-көз боп жүреді. Қала тазалығы баршамызға ортақ дейміз. Бірақ жұмыс істеуге келгенде кежегесі кейін тартатындар көп. «Жастар туралы әңгіме қозғау артық», - дейді ол.

Бақытжамал Құсдәулетова, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару кәсіпорнының директоры:

- Менің жасым мысалы 57-ге келді. Зейнет жасына жетіп қалсам да, бәрібір жұмыс істеп жүрмін. Бірақ бір күн де бос отырғым келмейді. Жұмысқа шақырсам, адам таппаймын. Бізге мысалы жүргізушілер мен жұмысшылар ауадай қажет. Дегенмен, кадр тапшылығы қатты сезіліп отыр, істеп жүргендердің дені егде жастағылар. Жастар мүлде жоқ.

Ақсай секілді өндірісті қалада екі қолға бір күрек іздегендер жоқ емес, бар. Дәл қазіргі уақытта аудан бойынша 150 бос жұмыс орны бар екен. Жұмыссыздар саны 1400-ге жетіпті. Алайда, олардың көбі бұрын мұнай-газ саласынан нәпақа айырғандар. «Сол себепті аз жалақы төленетін жұмысқа аттап баспайды», - дейді мамандар.

Гүлнәр Төреева, Бөрлі аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары:

- Ең күрделі мәселе – жұмыспен қамту орталығында вакант орнына кісілерді табу. Жалақысы төмен жұмыстарға кісілер келіспейді. 60-80 мың. 120-160 мыңға дейін мына жол жөндеу жұмыстары. 150 шақты вакансия бар. Көбі жұмыстан босағандар олар бұрын мұнай-газ саласында жұмыс істегендер, сондықтан олар қаланың ішіндегі жұмыстарға келіспейді.

Жұмысшы таппай дал болатындардың дені жол құрылысы саласында көп. Әсіресе, жаз айларында шыжыған күннің астында еңбек етуге екінің бірі беттей бермейді екен. «Жұмысшы жетіспеушілігін жою, жастардың осы салаға деген ынтасын арттыру үшін еңбек мәдениеті жастай қалыптасуы тиіс», - дейді жол саласының қызметкерлері.

Зауырбек Қыпшақбаев, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» рмк бқо филиалының инженері:

- Себебі жұмыстың ауырлығы мен жалақыда деп ойлаймын. Қазір жол саласында жақсы ден қойып жатыр жұмыссыздықты жою мақсатында. Орталықпен «1000 мектеп» науқаны аясында мектептерге барып, үгіт-насихат жүргізіп жүрміз оқушыларды болашақта жол саласын таңдауға. Көбіне тапшы мамандар механизаторлар, яғни асфальт төсегіш айдау, тығыздағыш техникаларына жетіспей жатады мамандар.

Күні бүгін облыста жұмыссыз ретінде тіркелгендер саны 15 мыңға жуықтаған. Ал, екі қолға бір табуды мақсат еткендер үшін 2 мыңға тарта бос жұмыс орны бар.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов