Сенатта кәмелетке толмағандар арасында суицид пен буллингтің алдын алу мәселелері талқыланды

Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Қазақстанда 17 жасқа дейінгі 6 млн-ға жуық бала бар, бұл ел халқының 30%-ін құрайды. Кәмелетке толмағандардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, бірінші кезекте балаларды қылмысқа араластырудан қорғау мемлекеттің басым бағыттарының бірі болып табылады.

Соңғы 5 жылда кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстар саны 3,3 мыңнан 1,7 мыңға дейін азайды.

Балаларды және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі қабылданып жатқан заңнамалық шараларға қарамастан, жастар арасында суицидтің, кәмелетке толмағандар арасында буллингтің таралуы, оның ішінде әлеуметтік желілердегі мессенджерлер арқылы жіберілуі біздің қоғамымыздағы маңызды әлеуметтік проблема болып отыр.

Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Владимир Волков балаларға қазіргі заман көріністері аса қауіпті екенін, сондықтан бізден баса назар аударуды және оларға деген қамқорлықты күшейтуді талап ететінін атап өтті.

Қалыптасқан проблемаларды шешу алдын алу жөніндегі біріккен шараларды, оның ішінде нормативтік тұрғыда бекітуді, сондай-ақ мемлекеттік тетіктер мен азаматтық қоғамды, ата-аналарды және балалардың өздерін белсенді тарта отырып күш-жігерді біріктіруді талап етеді», – деп атап өтті Владимир Волков.

Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мен балаларға қауіпсіз орта қалыптастыру, сондай-ақ заңнамалық және нормативтік құқықтық базаны жетілдіру жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді. Ол бұл жұмыста балаларға қатысты қатыгездік жағдайларын анықтау және олармен жұмыс істеу бойынша мекемеаралық өзара іс-қимылға ерекше мән берілетінін атап өтті.

Отырыс қатысушылары талқылау барысында буллингтің, құқық бұзушылықтар мен суицидке бейімділіктің алдын алуда балаларды жұмыспен қамту маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Осыған байланысты балалардың білім беру, шығармашылық және спорттық демалыс жүйесін жетілдіру қажеттігі туындайды.

Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев ағымдағы жылдың қаңтар айында мемлекеттік білім беру тапсырысына қосымша білім беру енгізуді көздейтін заң қабылданғанын, бұл жергілікті атқарушы органдарға балаларды қамтуды кезең-кезеңімен ұлғайту, қызықтыратын салалар бойынша жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, олардың үйлесімді өсуі үшін спорттық, шығармашылық, зияткерлік әлеуетті іске асыру жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтарды азайту мәселелерін шешуге мүмкіндік беретінін хабардар етті.

Отырысқа қатысушылар бала құқықтарын қорғау мәселелеріне қатысты қудалау (буллинг)», «әлеуметтік желілер» және «мессенджерлер» ұғымдарын заңнамаға енгізу, Қазақстан аумағында «онлайн-платформалар» қызметін, әлеуметтік желілердің шетелдік контенттерін және «мессенджерлерді» реттеу, сондай-ақ оларға бірқатар міндеттемелер жүктеу жөніндегі заң жобасын әзірлеуші депутаттардың бастамасына қолдау білдірді.

Депутаттардың балаларға арналған медициналық және әлеуметтік оңалту, психологиялық-педагогикалық қолдау орталықтарын құрудағы жергілікті атқарушы органдардың құзыреттерін бекіту жөніндегі, сондай-ақ білім беру ұйымдарының психикалық денсаулықты нығайту және қолдау, кәмелетке толмағандар арасында суицидтер мен құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі қызметін үйлестірудегі білім беру органдарының құзыретін кеңейту жөніндегі ұсыныстары да талқыланды.

Сенатор Ләззат Сүлеймен отырысты қорытындылай келіп, өскелең ұрпақтың зияткерлік, физикалық, сондай-ақ адамгершілік дамуына баса назар аудару мен балаларды тәрбиелеу мен салауатты қоғам қалыптастыруда жоғары талаптар қою қажеттігін атап өтті.

Отырыс жұмысының қорытындысы бойынша комитеттің қорытындысы дайындалды, ол барлық мүдделі тараптарға жіберіледі.