424,64 503.77 5.77
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қызылордада қайырымды істер марафоны өтіп жатыр

  • 167
  • UPD: 23:01, 17.06.2021

Қызылордада әлеуметтік жәрмеңке өтіп, қайырымдылық мақсатта жиналған киім-кешек жүзден астам отбасыға тегін таратылды. «Қайырымды істер» жалпыұлттық марафоны шеңберінде ұйымдастырылған шараға қала тұрғындары белсенді қатысты. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясындағы акцияларда 2 жарым мың адамға көмек көрсетілді.

5 баланы жалғыз бағып отырған Сәуле Мұсаева жұмысқа шыға алмайды. Өйткені мүмкіндігі шектеулі бүлдіршініне қарайтын адам жоқ. Жәрдемақы болса азық-түліктен артылмайды. Сондықтан жәрмеңкеге алғашқыларды қатарында келген  көп балалы ана балалары мен өзіне шақ киім таңдап алды.

Сәуле Мұсаева, қала тұрғыны:

- Мен өзіме көйлек, жемпір алдым. Қызыма да көйлек алдым. Шақ келетін керегімізді алдық. Мұқтаж жандарға, тұрмысы төмен отбасыларға, көп балалы ана, мүгедек асыраушыларға осындай қол ұшын беріп, көмектесе берсін халқым. Азық-түлікпен қоса берілген былтыр ол кезде де алдым. 

Жастар ресурстық орталығы жанынан ашылған әлеуметтік дүкенді тауармен толтыру үшін еріктілер тынымсыз жұмыс істейді. Жыл басынан бері 70-тен астам отбасы осы жерден тұрақты түрде киім алады. Ал жәрмеңке биылдыққа алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

Болатбек Айтбенбетов, еріктілердің облыстық фронт-кеңсе жетекшісі:

- Бұл шара туралы 3-4 күн бұрын әлеуметттік желіде ақпараттандыру жасаған болатынбыз. Ең басты мақсат өңірге барынша пайдамызды тигізіп, жап-жаңа болмағанымен киюге жарамды киімнен алса екен деген оймен жасап жатырмыз. Алдағы уақытта өңір тұрғындарының қолдауының арқасында осындай шараны жиі өткізуге тырысамыз. 

«Қайырымды істер» марафоны басталғалы  мүмкіндігі шектеулі және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға 58 компьютер мен 2 ноутбук табысталды. Одан бөлек демеушілердің көмегімен тұрмысы төмен отбасыларға 17 тонна көмір мен күріш тегін таратылды.

Қамбар Бекенов, Әлхайдар Тұрлыханов, Айтмұхамбет Бәйділдаев

Хабар 24 телеарнасы