Түркістан облысында мүрдесі табылған туристің кім екені анықталды

Түркістан облысының полицейлері бүгін Төле би ауданына қарасты «Сайрам-Өгем» шатқалында табылған туристің мәйітін туыстарына тапсырды, деп хабарлады Tengrinews.kz.

Облыстың полиция департаменті баспасөз қызметі өкілдері Түркістан облысы тауларында жоғалып кеткен жеті туристің соңғысы табылғанын хабарлады. Жоғалған студенттердің бірінің туысы мүрдені танығанын айтты.

Бұған дейін ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли Түркістан облысының тауларынан тағы бір мәйіт табылғанын хабарлаған болатын. 

Еске салайық, 25 мамырда Түркістан облысының тауларында жеті туристің жоғалғаны белгілі болды. Олар екі топқа бөлінген. 28 мамырда тікұшақпен үш адам тірі табылды. Олардың екеуі 1999 жылғы және біреуі 2000 жылғы. 29 мамырда құтқарушылар тағы екі туристің мәйітін тапты. Жоғалған студенттердің бірінің 12 маусымда мәйіті табылды.

Құтқарушылар бүгінге дейін туристердің соңғысын іздеп келді. Іздеу 27 күнге созылды. Жоғалған жеті адамның алтауы Назарбаев Университетінің студенті екені белгілі.

Аталған дерек бойынша Түркістан облысының полиция департаменті тергеу жүргізіп жатыр.