Жаңарған өлкеде жаңалық көп

Павлодар облысының Ресеймен шектесіп жатқан Успен ауданы елді-мекендерді көркейтуге кірісті.

Үш бірдей ауыл қарайтын Равнополь ауылдық округінде жолдар жаңарып, әлеуметтік нысандарға күрделі жөндеу жүріп жатыр. Соңғы жылдары халқының саны азайып кеткен ауыл-аймаққа халық оңтүстік өңірлерден көшіп келіп жатыр. Мәселен өткен жылдың өзінде бір ғана Константивовка ауылы 25 отбасын қабылдады.

Субұрқақ Константиновка ауылының мақтанышы. Араға 30 жыл салып қайта іске қосылды. Кезінде дүркіреп тұрған ауылдағы құнды дүниелер мұнымен шектелмейді.

Константиновка ауылындағы мәдениет үйінің іргетасы сонау 1966 жылы қаланған екен. Содан бері бірнеше мәрте жөндеуден өткен. Бірақ жергілікті тұрғындардың өтініші бойынша халықтар достығын дәріптейтін суреттер мен мына хрусталь аспашам сол күйінде сақталыпты. Айта кетсек, бұл хрусталь аспашамның құны сол кездегі он жигулидің бағасына пара-пар келген екен.

Ауылда жағымды жаңалық көп. Биыл он көшеге асфальт төселеді. 25 орындық балабақша 50 орындық болып қайта ашылады. Қазір «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Балабақшаға сұраныс бар. Себебі халық саны артты.

Мұхтар Ысқақов, Равнополь ауылдық округінің әкімі:

– Алматы облысынан 25 отбасы келген. Бәрін санағанда балаларымен 89 адам. Өткен айда тағы бір отбасы келді, тағы да 5 отбасы келуге дайын отыр.

Дәмегүл Ибрагимованың отбасы Өзбекстаннан көшіп келген. Қандастарымызды ауыл халқы құшақ жая қарсы алыпты. Жолдасы мал шаруашылығымен айналысады. Өзі кітапханашы болып жұмыс істейді.

Дәмегүл Ибрагимова, ауыл тұрғыны:

Мында біз көшіп келгенде квота берілді. Ол квотаны ақшалай алдық. Сол квотаға үй алып, одан қалған ақшаға мал сатып алып, сол арқылы күн көріп келеміз.

Константиновка ауылы толықтай сумен қамтылған. Бақша салуға, мал мен құс өсіруге өте қолайлы. Ауылда сыр жасайтын кәсіпорын бар. Болашақта минералды су шығаратын өндіріс іске қосылады. Ұзақ жылдар бойы қараусыз қалған көлді игеруге инвесторлар келді. Олар балық шаруашылығын дамытуға білек сыбана кіріскен.

Авторы: Қарлығаш Қасиетова