А.Цой: Тамыз айында тәулігіне 11 мың дерек тіркелуі мүмкін

Тамыз айында елде тәулігіне 11 мыңнан аса адам коронавирус жұқтырады. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой осындай болжамымен бөлісті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Оптимистік болжам бойынша қазір бізде тәулігіне 6 мың адам коронавирус жұқтырады. Ал тамызда вирустың таралуы шарықтау шегіне жетеді. 9 мыңға дейін дерек тіркеледі. Реалистік тұрғыда бұл көрсеткіш 11 мыңға дейін жетуі мүмкін. Сосын төсек-орындарымызға қарай шешім қабылдаймыз. Карантин күшейтіле ме, жоқ па сонда белгілі болады.

Министрдің айтуынша, америкалық Pfizer компаниясымен 2 млн доза препарат жеткізу жөнінде келісім жасалған. Бұл препарат тек төртінші тоқсанда салына бастайды. Ал балалар ата-аналарының келісімі бойынша вакцина алады.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Балаларды вакциналау тек қана ата-аналарының рұқсатымен жүргізіледі. Біз тек осы мүмкіндікті ұсынамыз. Министрлікте екпе алуға деген өтініш күн сайын келіп түседі. Көпшілік балаларын да коронавирустан қорғағысы келеді.