Атырау облысында эпидемиологиялық ахуал ушығып барады

Атырау облысында эпидемиологиялық ахуал ушығып барады. Соңғы тәулікте 500-ге жуық адамның қауіпті індетке шалдыққаны белгілі болды.

Оның 278-і облыс орталығынан анықталса, скрининг нәтижесінде Теңіз кенішінен 29 науқас тіркелген. Ауру санының өсуі, әсіресе Жылыой ауданында байқалады. Соңғы тәулікте 86 адам қауіпті індетке шалдыққан. Мұнайлы өңірде 67 науқастың жағдайы өте ауыр. Қазір инфекциялық стационарларда барлығы 1200-ге жуық адам ем қабылдап жатыр.

Мұрат Хамзин, қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары:

- Атырау қаласындағы аурушаңдық өсуіне байланысты карантиндік шаралар енгізіліп жатыр. Облысымызда жақын қарым-қатынаста болған адам саны да өсіп келе жатыр. 489 науқастың ішінде 300-і жақын қарым-қатынаста болған адамдардың ішінен анықталғандар. Сонымен қатар симптомды ағыммен медициналық көмекке жүгіну де көбейіп жатыр.