Жаңаөзенде 100-ге тарта жұмыс орны ашылады

Жаңаөзенде жұмыссыздықпен күрес қарқынды жүргізілуде, деп хабарлайды «Хабар 24».

Екі қолға бір күрек іздеген жастар арматура өндіретін қос кәсіпорынға кіріп жатыр.

Ал үйде отырған қыз-келіншектер тігіншілікті үйреніп, өз бетімен табыс таба бастады. Осы мақсатта қалада оқыту орталығы ашылды. Қазір 30 адам айына 21 мың теңге шәкіртақы алып, құрақ көрпе, ұлттық киімдерді тігуді меңгере бастады.

Биыл Жаңаөзенде арматура өндіретін қос кәсіпорын іске қосылды. Біріне 49, екіншісіне 74 адам жұмысқа тұрды. Өндіріс орындары мұнай-газ кенішінде қолданылған сорғы штангаларды қайта балқытып, сапасы жоғары құрылыс материалын жасайды. Әрқайсы айына 250-260 тонна арматура шығарады.

Қанат Бақбергенов, жұмысшы:

– Көлемдері әртүрлі арматураларды шығарып жатырмыз. Теміртау қаласында оқу оқып, осы жерге жас маман болып жұмысқа орналастым. Жастарға өзімнің тәжірибеммен бөлісудемін.

Тігіншілікке оқыту орталығына 30 қыз-келіншек жолдамамен келген. 2 ай дәрісте шеберлігімен көзге түскендері тұрақты жұмысқа алынады. Қалғанына сертификат беріледі. Алдағы уақытта жұмыспен қамту орталығы жергілікті колледждерде 30 адамды аспазшыға, тағы 20 тұрғынды тәрбиешінің көмекшісі мамандығына оқыта бастайды.

Жанат Қарағұлова, тұрғын:

– Құрақ көрпе, оюларды қалай сызу, қалай тігу керек екенін үйреніп жатырмыз. Бұрын жұмыс жасаған жоқпын, үйде отырған анамын. Болашақта жұмыс жасап, әрі қарай дамытамын.

Қазан айында Әмин Тұяқов атындағы стадион аумағында қосалқы спорт ғимараты іске қосылады. Оған дейін Қызылсай ауылында бір мезгілде 15 науқас қабылдайтын дәрігерлік амбулатория мен Рахат елді мекенінде көрермен залы 300 орындық мәдениет үйі қолданысқа беріледі. Нәтижесінде, 100-ге тарта жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев