Павлодарда карантинге бағынбаған 16 нысанды сотпен жапты

Павлодарда карантинге бағынбаған 16 нысанды сотпен жапты

Павлодарда карантин тәртібін бұзушыларға қарсы күрес күшейді. Себебі жасырын той жасайтындар көп. Мұнда жыл басынан бері 6 мыңға жуық рейд жүргізіліп, көп адам айыппұл төлеген. 16 нысан сот шешімімен жабылды. Бірақ бұдан ығып, тойды тоқтатқан адам жоқ.

Мониторинг тобы үйлену тойының үстінен түсті. Алайда қырағы күзетшілер дабыл қағып үлгіріпті. Жасырын есік арқылы қонақтардың көбі бой тасалап кеткені аңғарылады. Ілесе алмағандар дастархан басында қалған. Ал келесі кадрда ақ көйлек киген қалыңдықтың көппен бірге өз тойынан өзі қашып бара жатқаны анық көрінеді. Монитрониг тобы тойдың шырқын бұзып, қуаныштың құтын қашырғандай болды. Бірақ халықтың денсаулығы маңызды. Өңірде эпидахуалдың өршуі карантин талаптарын күшейтуге міндеттейді.

Батыр Мұталов, Павлодар қаласы ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің сектор меңгерушісі: 

- Біз бұл бағыт бойынша жұмысты күшейттік. Қазір мониторингтік тексеру күніне 3 мәрте жүргізіледі. Күндіз және кешкі уақытта түрлі жиын өткізілсе, түнгі 3-ке дейін біз «Ашық» жүйесімен жұмыс атқаратын нысандарды тексереміз. Себебі «Ашыққа» қатысушы барлық мекемелер түнгі сағат 2-де жабылуы тиіс.

Облыс орталығында 15 мониторинг тобы жұмыс істейді. Соңғы кезде олардың құрамына кіретін адамдар саны артқан. Бұл жұмыс тиімділігін арттырып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажет екен. Өткен айлармен салыстырғанда карантин талаптарын бұзу деңгейі біршама төмендепті. Өйткені Ashyq жобасына қатысушы нысандар саны артқан. Жоба арқылы анықталған «қызыл статусты» адамдардың тізімі де жарияланады.

Батыр Мұталов, Павлодар қаласы ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Тізімге кірген әрбір адамға шара қолданылады. Олар 43 мың теңге көлемінде айыппұл төлейді. «Қызыл статусты» адамдар «Ашықты» қолданатын барлық жерден анықталып жатыр. 

Бүгінгі таңда денсаулыққа қатысты мәліметті анықтау ешқандай қиындық тудырмайтын болды және ол құпия да емес. Кез келген ғимаратқа кірерде QR-код немесе жеке сәйкестендіру номеріңіз талап етіледі. Алынған ақпарат орталық мәліметтер базасына түседі. Ал рейд барысында анықталған заң бұзушылықтарға жауапты тұлғалар әкімшілік жазаға тартылады.

Баянбек Байсұлтанов, учаскелік инспектор:

- Анықталған деректер бойынша материал жасақталып санитарлы-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жолданады. Ал тойдың иесі мен оған нысанды жалға берген кәсіпкер айыппұл төлейді. 

Соңғы тәулікте Павлодар облысында 300 адамның Сovid-19-ға шалдыққаны белгілі болды. Қызыл деңгейде тұрған аймақта барлық жиын-тойларға тыйым салынған.

Батырбек Әлиев, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

- Жыл басынан бері біздің облыста 6 мың рейдтік іс-шара жүргізілді. Жүйелі түрде карантин ережелерін бұзып келген нысандар анықталды. 16-сы соттың шешімімен жұмысын тоқтатты. Оларға айыппұл салынды. 

Осы мерзімде салынған айыппұл көлемі 24 миллион теңгеден асқан. Ал жасырын той жасаушылар қатары көбеймесе азаятын емес. 

Қарлығаш Қасиетова, Жеңіс Темірболат