Алматыда «Шетсіз қала» бағдарламасы нәтиже беріп жатыр

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың «Шетсіз қала» бағдарламасы көрнекі нәтиже беріп жатыр. Соның бір мысалы Түрксіб ауданындағы Әлмерек ықшам ауданы. Облыстан қосылған елді мекенде күні кешеге дейін су, көгілдір отын және жол болмаған.

2014 жылы қала балансына өткен Әлмерек ықшам ауданында қазір 5 мыңға жуық адам тұрады. Осында көшіп келген тұрғынның бірі Мұсакелді Өрсәриновтің айтуынша, елді мекенде күні кешеге дейін жол, су, көгілдір отын болмапты. Тұрғындар ауыз суды тасып немесе құдықтан ішкен. Бүгінде өмір сүруге қажетті инфрақұрылымның бәрі қамтылды, дейді қарт. 

Мұсакелді Өрсәринов, қала тұрғыны:

- Әлмерек ауылына кәріз құбырын жүргізіп жатыр, өрт сөндіретін құбырлары бар әр жерде, үйдің ішіне су кіргізді, кәріз құбырын қосып қойды, айбат бәрі халықтың тұрмысын жасап жатыр. Бәрі жақсы, бәрі дұрыс, өте ризамыз.

Ықшам аудандағы инфрақұрылым жұмыстары қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың «Шетсіз қала» бағдарламасы аясында 2020 жылы қолға алынды. Мұнда жиі сыр беретін электр желісі мемлекеттік балансқа тапсырылып, көгілдір отын тартылған. Жақында 28 шақырымнан аса су құбыры мен кәріз құбыры пайдалануға беріліпті. Нәтижесінде 3500 тұрғын орталық сумен қамтылды. Қазір 10 көшеге асфальт төселіп, бағандарға 436 шам орнатылды. Тағы 12 көшенің тегістеу жұмыстары жүріп жатыр.

Айдос Бекетаев, Түрксіб аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:

- 2020 жылы бұл жоба қолға алынып, 2021 жылы орталық суды іске қостық. 1113 үйдің 819-ы орталық суға қосылды. Бұл бірінші кезең. Екінші кезеңде ықшам ауданға толықтай орталық су мен кәріз құбыры тартылады. Бүгінге дейін ықшам ауданда 16 шақырым су құбыры, 12 шақырым кәріз құбыры тартылды.

Әлмеректегі инфрақұырылым жобасы 2022 жылдың бірінші тоқсанында толықтай аяқталмақ. Яғни тағы 300-ге жуық тұрғын орталық суға қосылады. Сонымен қатар аудан әкімдігінің бастамасымен қоғамдық көліктер ықшам ауданның орталығына дейін жүре бастаған.

Аршын Кемелжан, Нұрдәулет Жақсыбаев