Қостанай мектептерінде қосымша вакциналау пунктері ашылды

Қостанай мектептерінде қосымша вакциналау пунктері ашылды

Қостанайдағы сегіз мектепте қосымша вакциналау пунктері ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Білім ордаларында кез келген адам вакцина салдыра алады.

Мекенжайы, қай емханада тіркелгені маңызды емес. Мамандардың айтуынша, өңірде соңғы үш айда екпе салдырушылар саны төрт есе өскен. Қазіргі кезде облыста 189 вакциналау орны бар. Стационарлардан тыс жылжымалы егу пунктері жұмыс істейді. Өңірде 266 мың адам вакцина салдырса, соның 233 мыңы толық компонентін қабылдаған.

Маргарита Бисенова, қалалық №4 емхананың бас дәрігері:

- Мектептердегі пунктерге күнде таңертең мұздатқыш камераға салынған вакциналар жеткізіледі. Температуралық талапқа аса мән беріледі. «Спутник» вакциналары -20 градуста сақталады. Ал QazVac вакцинасы үшін темпеаратура +2-8 градус аралығында болуы шарт. Сондықтан оған мұздатқыш қажет емес. Қандай да бір жағдай болмас үшін кешке вакциналардың барлығын алып кетеміз.