Ақмола облысындағы Бестөбе тұрғындары стадион аумағында мектеп салуға қарсы

Ақмола облысына қарасты Бестөбе кентінің тұрғындары елді мекендегі жалғыз стадион аумағына мектеп салынуына қарсы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Халық білім ошағын спорттық нысанды бұзбай-ақ, басқа жерге тұрғызса болар еді деп налиды. Жұрт бұл мәселені бірнеше жылдан бері көтеріп келеді. Алайда нәтиже жоқ. 

Ауыл белсенділерінің сөзінше, ғасырға жуық тарихы бар бұл стадион кезінде дүркіреп тұрған. Мұнда түрлі жарыстар өткізіліп, тұрғындар дене шынықтырумен айналысатын. Ал осының бәріне куә болған спорт нысаны қазір үлкен құрылыс алаңына айналды.

Қайыр Есмағамбетов, Бестөбе кентінің тұрғыны:

– Қазақстан Президентінің спортты дамыту керек деген Жарлығы болды. Бұлар спортты дамытқан емес, құлатып жатыр. Пандемия басталғалы бері стадионымызды жауып тастады. Мен жақын жерде өзім тұрам. Осы жерде өстік. Спортпен жақсы айналыстым, кезінде көрсеткіштерім жақсы. Одан кейін балаларым да міне, үлкен ұлым туризм академиясын бітірген.

Ашынған тұрғындардың айтуынша, аталған мектептің жобасы әу баста 900 орындық деп жоспарланған екен. Одан ол 600-ге, ал кейіннен 300 орынға түскен. Ал бұл 6 жарым мыңнан астам халқы бар елді мекен үшін аздық ететіні айтпаса да түсінікті дейді жергілікті халық.

Қанат Байысов, Бестөбе кентінің тұрғыны:

– 1-мектепке береміз дейді. 1-мектепте 600 оқушы бар. 600 оқушыға 300 орындық қылып салғанды мен бірінші рет көрдім. Сіз киім алатын болсаңыз, 2 есе тар киім алмайсыз ғой. Өзіңізге шақтап аласыз, дұрыс па? 600 ба, онда 600 балаға салмай ма арнап. Себебі бала бір мезгілде келеді. Таңертең оқиды. Ал түстен кейін біз ол балаларды дайындар едім.

Алайда жергілікті билік өкілдері бұл нысан ешқандай мектептің орнына емес, басқа білім ошақтарындағы жүктемені азайту үшін салынып жатқанын айтады.

Алтын Оспанова, Степногорск қалалық білім бөлімі жетекшісінің міндетін атқарушы:

– Бестөбе кентінде қазақ мектебі бар. Оның жобалық қуаты 275 болса, бүгінгі күні балалардың санын қарап отырсақ, 475 баланы құрап отыр. Екінші мектеп, ол – аралас мектеп. Бұл мектептің де жобалық қуаты – 300 бала. Бірақ бүгінгі күнге дейін 565 баланы құрап отыр. Сонымен қатар негізгі мектеп бар. Бұл негізгі мектептің жобалық қуаты – 75 бала. Бірақ бүгін 150-ге жуық бала оқығалы отыр. Міне, сондықтан көріп тұрғанымыздай, осы үш мектеп те толық. Сондықтан жаңа мектепті салу керек.

Ал мектепті неге стадионның үстіне салуға жол бердіңіздер деген сұраққа білім бөлімі былай деп жауап берді.

Алтын Оспанова, Степногорск қалалық білім бөлімі жетекшісінің міндетін атқарушы:

– Неге стадионға салуға жол бердік? Өйткені мамандармен сөйлескен кезде, сіздер білесіздер, Бестөбеде үлкен концерн бар алтын өндіретін. Сондықтан алтын өндіретін фабрикасы бар, шахталары бар жерде жерасты бәрібір тегіс болмайды. Сондықтан мамандардың зерделеуінше сол стадион тұрған жер сол мектеп салуға қауіпсіз болып табылып отыр. Сондықтан сол жерге салуға ұйғарылды.

Сондай-ақ әкімдіктегілер бұл мәселе сонау 2013 жылы жергілікті жұртшылықпен кездесу барысында да талқыланып, олардың келісімі алынғанын айтады. Ал ол кезде ескі стадион ешкімге керексіз, яғни иесіз болыпты. Бірақ кент белсенділері бұған қарайын деп тұрған жоқ. Олар спорт нысанын қорғап қалуды одан әрі жалғастыра бермек.

Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко