Елордада қылмыстың алдын алу бойынша рейд жүргізілді

Елордада соңғы 3 күннің ішінде 800-ден астам тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Олардың заң бұзғаны жедел алдын алу шарасы кезінде анықталды.

Айта кетейік, бірінші қыркүйекте басталған рейд желтоқсан айына дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында полиция қызметкерлері өздеріне бекітілген аудандарды үнемі шолып отырады. Сондай-ақ ішкі көші-қон процесін қадағалайды. Қыркүйек айы басталғалы сақшылар шамамен 500 жеке үй мен 2600-ге жуық пәтерді аралап шықты. Тұрғылықты жері бойынша Ішкі істер органдарының есебінде тұрған 650-ге жуық адамды тексерді. 300-ден астам қару иесі де бақылаудан тыс қалмады. 

Қуаныш Әбдіманапұлы, Сарыарқа аудандық полиция басқармасының бастығы:

- Қазіргі таңда іс-шараның өтіп жатқанына 2-3 күн болып жатыр. Көптеген жұмыс істеліп жатыр. Жұмысқа учаскелік инспекторлар ғана емес, сонымен қатар криминалдық полиция қызметкерлері, ювеналдық және миграциялық полиция қызметкерлері әр саладан жұмылдырылған. Әрқайсына жеке талаптар қойылған. Таңнан кешке дейін өз учаскелерін тексеріп, кешке жақын қорытынды беріп отырады күнделікті.