Орал іргесіндегі Зачаганск кентінде су кестемен берілетін болды

Орал іргесіндегі Зачаганск кентінде су кестемен берілетін болды

Түнде кәріз сорғы станциясының екі бірдей агрегаты істен шыққан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Коммуналдық компания өкілдері апат салдарынан көпқабатты тұрғын үйлердің жертөлелерін сарқынды су басу қаупі туындағанын мәлімдеді. Осы келеңсіздіктің алдын алу үшін тіршілік нәрін уақытпен беруге тура келген көрінеді. 30 мыңдай абонент енді суды алдын ала жинап, үнемдеп тұтынуға мәжбүр. Апаттың нақты қашан жойылатыны әзірге белгісіз. Кәсіпорын басшысы кәріз жүйесінен тұрмыстық қатты қалдықтар жиі табылатынын айтып, тұрғындарға кінә артып отыр.

Айбар Аманов, қала тұрғыны:

– Кеше түнде тоқтатып тастады. Негізі қиын, иә. Әлсін-әлсін су керек болып тұрады. Суды негізі үзбеген жақсы.

Әнуар Аркенов, коммуналдық кәсіпорын директоры:

– Өкінішке орай, тұрғындар кәріз жүйесіне неше түрлі қоқыс салып жібереді. Құбырдан тұрмыстық қатты қалдықтар, гигиеналық заттар табылып жатады. Көшедегі құдықтарда тіпті құрылыс материалдарының қалдықтары да жатады. Салдарынан кәріз жүйесінде жиі апат болады. Екі бірдей агрегат істен шығып қалды. Қазір тек жалғыз агрегат қана жасап тұр.