Нұр-Сұлтандағы метеостанция ғимаратының орнына балабақша салынбайды

Нұр-Сұлтан қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы метеорологиялық станциясының орнында балабақша салу туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың айтуынша, республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне кіретін ғимаратты ешкім бұзбайды.

Әнел Еділқызы, тілші:

– Елордадағы алғашқы метеостанцияның ғимараты осыдан 107 жыл бұрын салынған. Және негізгі қаланған күннен бастап бір сәтке де жұмысын тоқтатқан емес. Мұнда Қазгидромет қызметкерлері күн сайын желдің жылдамдығын мен ауа температурасын анықтайды.

Бұл бас жоспар әлеуметтік желі қолданушылардың наразылығын тудырды. Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне кіретін ғимаратты жойып, орнына балабақша салынады деп тұрғындар дабыл қақты.

Назира Қожанова, қала тұрғыны:

– Белсенділердің бірі бас жоспар бойынша балабақшаны салуды жоспарланғанын байқап қалды. Бұл ақпарат әлеуметтік желіге жарияланып, резонанс тұдырды. Содан соң құзырлы органдар да бізге көп ұзамай жауап берді. Бірақ бұл мәселені тұрғындар көтермесе, ескерткіш жойылар ма еді? Кім біледі.

Ал жауапты органдар бұл ақпаратты жоққа шығарды.Олардың айтуынша, ғимарат бұзылмайды.

Сәуле Алқуатова, «Байқоңыр» ауданы бойынша қалалық жоспарлау бөлімінің басшысы:

– Бұл жерде балабақша салынбайды. Иә, 2012 жылы мүмкін жоспарлаған да шығар. Бірақ бүгінде бас жоспарға сәйкес құрылыс болмайды. Мұны тұрғындарға да айттық.

Мейрамбай Оралов, қалалық ескерткіштерді қорғау жөніндегі дирекция басшысы:

– Нысандар біздің бақылауымызда. Ескерткішті бұзу үшін әкімдіктен рұқсат қажет, мәдениет бөлімін де міндетті түрде ескерту керек. Алайда бізге ондай сұрау салған жоқ. Сондықтан ғимарат орнында қалады.

Айта кетерлігі, бұл метеостанция 1870 жылдан бастап жұмыс істейді. Яғни, биыл негізі қаланғанына 150 жыл болды. Оның ғимараты Николаев бас физикалық обсерваториясының бұйрығымен тұрғызылған.

Әнел Еділқызы, Арман Ақшабаев, Аят Дүйсембаев