«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен Сыр өңірінің ондаған елді мекені қайта түледі

Шиелі ауданының 5 ауылы, яғни, он мыңдай тұрғын үйіне газ тартып алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауылдың ажарын кіргізген бағдарлама жөнінде тілшіміз айтып берсін.

Қамбар Бекенов, тілші:

- Нартай Бекежанов ауылының байырғы тұрғыны Сара Нысанбаева биыл көмірдің қара күйесі мен пеш жағудың машақатынан құтыламыз деп қуанып жүр. Тұрмысы жайлы, қазаны майлы ауылдың ажары жыл санап көркейіп келеді.

Сара Нысанбаева, Нартай Бекежанов ауылының тұрғыны:

- Ауылымыз қалаға бергісіз, шынын айтқанда. Бізге қаланың керегі жоқ, үйде су, газ тұр. Көшеміз түзу, аудан орталығы жақын. Ұзаққа баратын болсақ, автобусқа мініп кете саламыз. 25 минут сайын жүріп жатыр. Қаладан ауылда тұрғанды жақсы көреміз. Өйткені ауылда қазір барлық жағдай бар. Мен жастарға айтамын, ауылдан қашпаңдар, қайта ауылды келіп көркейтіңдер деп.

Мемлекеттік бағдарлама аясында Тұран және Керделі ауылдық округтерінің әрқайсысына 500 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп, көгілдір отын желісі тартылды. Қазір қос елді мекеннің мыңға тарта түтіні газ тарату бекетіне қосылып, енді тек салтанатты түрде ашылуын күтіп отыр. Бұған дейін «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы ауыз су мен шаруашылыққа қажетті су мәселесі шешіліп, бірнеше жолға асфальт төселген еді. Жыл аяғына дейін 66 миллион теңгеге тағы 3 көше жөнделмек. Ауыл-аймақта жиналған салықтың жергілікті жердің кем-кетігін жөндеуге жұмсау жөніндегі Президент пәрмені де елді мекен еңсесін көтеріп тастады.

Болат Баймағанбетов, Тұран ауылдық округінің әкімі:

- Салық 105% орындалды. Кешегі сессияда қаржы артығымен орындалып, балалар ойын алаңы, аяқсу мәселесіне бөліп отырмыз.

Бодыбай Құлахметов, Шеген Қодаманов ауылының тұрғыны:

- Ауылда анау айтқандай еш проблема жоқ. Тек қана бір мәселеміз ауыл іргесінде К-3 су қашыртқысы бар, содан ыза су асады. Егер сол ыза суды тарттырсақ толығымен жақсы болатынына сенімдеміз.

Қазіргі таңда Ақмая, Алғабас, Жуантөбе ауылдық округтерін газдандырудың жоба-сметалық құжаты әзірленіп жатыр. Келесі жылы тағы 5 елді мекенге көгілдір отын жеткізу жоспарланып отыр екен.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев