«Бабалар ізімен» экспедициясы Ресейде жерленген Алаш орда көсемдерінің рухына тағзым етті

Тірі болсам қазаққа қызмет қылмай қоймаймын. Өз ұлтын, өз жұртын соншалық сүйіп, осы сөздерді айтқан Әлихан Бөкейхановты кеңес үкіметі көре алмады. Соңына түсті, жала жапты, қаралады, ақыры атып тынды. Жалғыз Әлихан емес, сол кезде «елім» деп еміренген Алаш орданың қаншама көсемінің көзін жойды. Ресейдегі сапар барысында «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясы солардың қабіріне барып, тағзым етті.

Мәскеу. Донской қорымы. Алаш орданың негізін қалап қазақты азат етуге талпынған талай азаматқа қара топырақ осы маңнан бұйырды. Бірақ әзірге аты жазылған белгітас тек екі адамға қойылған. Олар Әлихан Бөкейхан мен Нұрмақов Нығмет. Екеуі де 1937 жылы ату жазасына кесілді. Осылайша кеңес билігі олардың өмірін қиды. Бастаған ісін тоқтата алмады. Бабалардың есімі ұрпақтың есінде. Арнайы келіп тағзым етеді.

Сапар барысында «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясы репрессия құрбандары жерленген өзге де нысандардарды аралады. Соның бірі 1999 жылға дейін «Лоза» деген жалған атпен аталып келген арнайы орын.

Талғатбек Әбдіқожа, тілші:

- Бұл репрессия жылдары қаншама адам кіріп, қайта шықпай қалған қаралы қақпа. Тозақтың есігі десек те болады. Ал мына қоршау КСРО НКВД-сының саяси айыпталғандарды ату жазасына кесетін 5 нысанның бірі. Коммунарка деп аталады. 1937-1941 жылдар аралығында дәл осы жерде 7 мыңдай адам атылды. Бүгінге дейін тек 4500 ғана аты-жөні белгілі. Қалғандарының кім болғандары да беймәлім.

Нәубет жылдары репрессия құрбандарын дәл мына қоршаудың ішіне алып келіп түрлі сұрақ қойды, жауап алды, қинады, қорлады. Ақыры жала жауып, халық жауы деп таныды. Сөйтіп, мына қалың орманның ішіне әкеліп атты және жерледі. Олардың арасында біздің бабаларымыз Ғазымбек Бірімжанов, Нәзір Төреқұлов, Тұрар Рысқұлов сынды бабаларымыз да бар еді. Десе де, ұрпақтары басына белгі қойып, осы маңға келіп құран бағыштаудан басқа амалы жоқ.

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясының жетекшісі:

- Сондай бір ауыр адамға әсер беретін атмосфера. Өйткені бұл арада қаншама әруақ жатыр. Қаншама жандардың өмірі қиылды. Біздің қаншама қазақтың ұлы тұлғалары деп айтуға болар еді 20-ғасырдың. Егер Қазақстан әкеліп, осының басында осының бір үлкен тақтайшасын қойса Қазақстанның атынан оның ішіне тізім жазып, кім жатқанын осы жерде Қазақстанның тұлғаларынан ол енді көп болмас еді. Тәрбиелікке өте жақсы әсер етер еді жастарға.

Бабаларымыз Мәскеу маңындағы Бутовский полигонында да атылған. Ондағы тізімде сегіз отандасымыздың аты-жөні жазылыпты. Олардың арасында Алаш орданың Батыс Қазақстан облысындағы бөлімшесін басқарған Жаханша Досмұхамедовтың есімі бар. Бұдан өзге жеті адам бүгінде ұрпақ жадынан ұмыт бола бастаған.

Евгений Сучков, Бутов полигонының жетекшісі:

-  Бұл жерде әлеуметтік жағдайы, білімі, ұлты әртүрлі азаматтар тағдыр тәлкегіне түсіп, террорлық әрекеттің құрбаны болды. Бүгінде бұл жер барлығымызды зорлық-зомбылыққа қарсы біріктіреді. Мұнда орыстар, латыштар, поляктар, қазақтар тағы өзге де ұлт өкілдері атылған. Нақты қазақ ұлтынан Досмұхамед Жаханшаны айтып өтуге болады. Бұл жерде оларға қандай айып тағылып, қай күні атылғаны туралы нақты ақпартат бар. Дәл мына тақтада сол 1938 жылы үшінші тамыз күні атылған адамдардың тізімі жазылған.

Сапар барысында экспедиция мүшелері Ғазымбек Бірімжановтың туған ағасы Ахмет Бірімжановтың ұрпағымен кездесті. Мәскеуде тұрады. Нағашы атасы жайлы бірқатар тың ақпарат бөлісті. Айтуынша, Ахмет Бірімжанов кеңес үкіметінің бірнеше облысында сот болған. Бірақ туған елінде қызмет жасауға мүмкіндік берілмепті. Ал Ғазымбек Бірімжановтан ұрпақ қалмаған.

Ләйлә Айтхожина, Ахмет Бірімжановтың ұрпағы:

- Оны жұмыс бабымен түрлі қалаға ауыстырып отырған. Архивтегі құжаттарды көтеріп, нақты қай қалаларда жұмыс істегенін тексергенде Қазақстанда еңбек етуіне мүмкіндік берілмегенін байқадым. Тек 1908 жылы ғана үш жылға Торғай облысының соты болып тағайындалады. Алайда бір жылға жетпей, оның жергілікті жұртпен тығыз байланыс орната бастағанын сылтау етіп, Бузулук деген жерге ауыстырып жібереді.

Бұл Ресей жерінде тарыдай шашылған қазақ тарихының кішкентай бөлігі ғана. Сондықтан «Балалар ізімен» ғылыми экспедициясы мұндағы сапарын одан әрі жалғастырады. 

Талғатбек Әбдіқожа, Қуаныш Қожабеков