Қарағанды облысындағы жол құрылысы кестеден кешігіп жатыр

Қарағанды – Балқаш тас жолы уақытында қолданысқа берілмеуі мүмкін. Ондағы жұмыс тым баяу жүріп жатыр. Әу баста жауаптылар автобанды 2023 жылға дейін салып бітеміз деп уәде еткен еді.

Қарағанды мен Балқаш қаласының арасын жалғап жатқан автобанның құрылысы 2019 жылы басталған болатын. Содан бері жұрт жол азабын тартып келеді. 363 шықырым қашықтықты бұрын 4 сағатта жүріп өтсе, қазір жарты күн жоғалтады екен.

Ералы Сабырақын, жүргізуші:

– Міне, таңертең 4-те шыққан едік Ақшатаудан, әлі келе жатырмыз. Көліктен көлік қойған жоқ. Ходовкасын екі айда бір ауыстырасың. Мына жол біткенше біздің қалтамыз да тесіліп болатын сияқты. Жүріп жатқан жұмыс жоқ. Ешкім ешкімді білмейді, бәрі жұмысты ұлтарақтай-ұлтарақтай қылып бөліп алған. Кім не жасап жатыр, түсінбейсің. Бір жерде істеліп жатыр, бір жердегілер техникасын мүлдем жинап қойған.

Жауапты мамандардың айтуынша, жұмыс қарқынының бәсеңдеуіне бірнеше себеп бар. Біріншіден, материал тапшы. Оның үстіне, құны да шарықтап кеткен. Мәселен, жол құрылысының әу бастағы жобалық-сметалық құжаты 2016 жылы әзірленсе, қазір ол бағаға құрылыс материалдарын табу мүмкін емес.

Мұсабек Манаш, мердігер:

– Келісім жасалған кезде мұндай форс-мажор ситуациялар болатынын білгеніміз жоқ. Сондықтан сол кез бен екі ортадағы айырмашылық қалай, ол төлене ме, төленбей ме деген сияқты мәселелер қазір басшылықтардың талқылауында болып жатыр. Барлығын өз ақшамызбен істеп жатырмыз. Енді шығын өте көп болып жатыр. Әсіресе, металл бағалары екі есеге қымбаттап кетті.

Мамандар тапшылығы да жол құрылысына едәуір кедергі келтіріп отыр. Қазір еліміз бойынша 4 мың шақырым республикалық маңызы бар жол жөнделіп жатыр екен. Қазақстанда бұрын-соңды мұндай ауқымды жоба болмаған. Сондықтан маман жетіспейді, - дейді мердігерлер.

Сырым Хамзин, «ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰК» АҚ ҚОФ директорының орынбасары:

– Қазіргі таңда, мысалы, физикалық жұмыстарды алатын болсақ, оның 50 пайызы аяқталды. Жылдың соңына дейін жаңа төсем бойынша жол қозғалысын ашамыз деген жоспар бар. 

Жол құрылысы 8 учаскеге бөлінген. Жоба құны - 248 миллиард теңге. Қазір құрылыс басында 1400 адам еңбек етіп жатыр, шамамен 700-ге жуық техника бар.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Аслан Демесбаев