Көкшетаудағы мұғалімдер династиясының жұмыс өтілі 140 жылды құрайды

Көкшетауда мұғалімдер династиясы тұрады. Тәжірибелі ұстаздар Өміртай Өкей мен Уатхан Зәйтінқызы сол әулеттің бастамашылары. Олардың ұлы мен келіні, қызы мен күйеу баласы да ағартушылық қызмет атқарады. Ал барлығының жұмыс өтілі 140 жылға жуықтайды. 

Өміртай ағай мен Уатхан апай өздерінің ұстаздық жолын сонау 1980 жылдардың соңында Моңғолияда бастаған. Ал Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін атамекенге келіп қоныстанды. Содан бері еліміздің білім саласына еңбек сіңіріп келеді. Отағасының айтуынша, ұстаздар бұл әулетте бұрыннан бар.

 Өміртай Өкей, технология пәнінің мұғалімі:

– Арғы ата-бабамыздан тартып, менің екі апам екеуі де мұғалім. Одан кейін біздің жанұяда 8 адам болғанбыз. Сегіздің төртеуі мұғалім болған. Одан кейін, міне, менің жолдасым да мұғалім. Осы әкесі мен анасының жолын қуып, менің ұлым да, қызым да, одан кейінгі келінім де, күйеу балам да барлығы ұстаздық қызмет атқарады.

Ата-анасының ізін жалғаған ұл-қыздарының сөзінше, мұғалім болу үшін ең алдымен балаларды жақсы көру керек және оларға тәлім-тәрбие беруден жалықпау қажет. Ал мамандыққа деген махаббаттан туады.

Нұргүл Өміртай, биология пәнінің мұғалімі:

– Шынымен осы мамандыққа деген махаббатымыз болды. Себебі, ата-анамыз мұғалім болғаннан кейін, сол мамам мен әкем қалай мұғалім, ұстаз, солардың ізін қуғым келді.

Ал география пәнінің мұғалімі Уатхан Зәйтінқызы еліміз Тәуелсіздік алған жылдары солтүстік аймақтардағы алғашқы қазақ мектебінде еңбек еткен жан. «Содан бері талай шәкіртті түлеттік. Қазір солардың әрқайсысының жетістігіне марқайып, мақтанып отырамын», – дейді, ұлағатты ұстаз.

Уатхан Зәйтінқызы, география пәнінің мұғалімі:

– Мұғалімнің мәртебесі дегеніміз оның – мамандығы. Ал мамандықтың мәртебесі дегеніміз – шәкірттің жетістігі. Шәкіртімнің қол жеткен үлкен табысы, олардың білімдігі, біліктілігі деп ойлаймын.

Жалпы облыс көлемінде қазір аталған отбасы секілді үй ішімен ұстаздық қызмет атқаратын әулеттер аз емес. Мұғалімдік мамандықты ауырсынатындар көбейген заманда олардың ағартушылыққа деген адалдығы таң қалдырмай қоймайды.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко, Анатолий Полянный