Құтқарушылардың жалақысы кезең-кезеңімен өседі

2023 жылға дейін еліміздегі құтқарушылардың жалақысы кезең-кезеңімен өседі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондай-ақ әлеуметтік жеңілдік те қарастырылмақ. Яғни өзге де күштік құрылым қызметкерлері сияқты баспана мәселесі бір жолға қойылуы мүмкін. Бүгінде еліміз бойынша бұл салада 30 000-ға жуық маман қызмет етеді. Күн сайын қауіп-қатермен бетпе-бет келетін мамандар өз ісіне деген адалдықтан айныған емес.

Құтқарушы болу – қызығынан қиындығы басым қызмет. Адам өмірін ажалдан аман алып қалу – осы сала мамандарының басты міндеті. Елімізде қызметін қалтқысыз атқарып, өз ісінің білікті маманы атанған азаматтар аз емес. Солардың бірі – Руслан Күбетаев. Ол осыдан бірнеше жыл бұрын өртке оранған пәтерден немересі мен әжейді сыртқа аман алып шығып, нағыз ерлік көрсеткен.

Руслан Күбетаев, құтқарушы:

– Тұрғын үйлердің бірінде өрт болып, шақырумен жеттік. 24-қабатқа шығып тексердік. Бір қыз бен апаны аман-есен алып шығуды ойладық. Ол кісі екі аяғынан баса алмайды екен. Сол кісілерді қасымдағы әріптесіммен түсіріп, жедел жәрдемге табыстағанымыз есімде қалды. Жай күндерде отырмаймыз, кем дегенде 2-3 өрт сөндіруге шығамыз.

Құтқарушылардың бір күндік қызметінен қысқаша көрініс. Дабыл қағылды, мамандар дереу дәліз арқылы өрт сөндіруге арналған автокөлікті бетке алды. Арнайы киімдерін киіп, оқиға орнына жүйтки жөнелді. Алайда бұлардың бірі де шаршадым-шалдықтым деп салы суға кетіп көрмеген. Бұған дейін құтқарушылардың жалақысының мардымсыз екені талай рет айтылды. Еліміздегі өзге де күштік құрылымдар қызметкерлерінің ішінде ең төменгі жалақыны да осы құтқарушылар алады екен. Ел үкіметі бұл мәселені күн тәртібіне қойып отыр. 2023 жылға дейін қатардағы құтқарушылардан бастап сала қызметкерлерінің жалақысы кезең-кезеңімен өсірілмек. Сондай-ақ баспана мәселесі де бір жолға қойылуы мүмкін.  

Талғат Уәли, ҚР төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі:

– Өзге күштік құрылымдардағыдай ТЖМ қызметкерлерін де пәтер жалға алу немесе қызметтік баспана алу мәселесі қарастырылмаған. Осы мәселені шешу үшін алдағы уақытта бюджет қаражатына байланысты арнайы заң қабылданып, ТЖМ қызметкерлерін өзге де күштік құрылымдар қызметкерлеріне көрсетілетін әлеуметтік жеңілдіктер көрсету қарастыруда. Жалпы алдағы уақытта ТЖМ қызметкерлерінің жалақысы кезең-кезеңімен өсміру сатысында ҰҚҚ-нің орташа жалақысының 80-процентіне теңестіріледі деген жоспар бар.

Батылдық танытып, көзсіз ерлікке барғандар көп. Десе де, төтенше жағдай қызметі құрылғалы 64 адам қызметтік міндетін атқару кезінде көз жұмған. Өз басын қатерге тіге жүріп, талай адамның жанын аман алып қалды. Бейбіт күннің батыры деп осыларды айтса керек.

Айнұр Қуатқызы, Аят Дүйсенбай