Covid-19: Ресейде кісі өлімі бойынша жаңа антирекорд тіркелді

Ресейде бір тәулікте коронавирустан 1 189 адам қайтыс болды. Бұл – жаңа антирекорд. Соңғы күндері бұл көрсеткіш тек көбейіп барады. Ал күн сайын елде 40 мыңдай адам вирус жұқтырады. Жақында енгізілген локдаун ахуалға айтарлықтай әсер еткен жоқ.

Ресейде бірнеше күн қатарынан ковид жұқтыру дерегі және өлім саны бойынша антирекордтар тіркеліп жатыр. Бірнеше күн бұрын ғана енгізілген локдаун еш нәтиже берген жоқ. Үкімет өкілдерінің мәлімдеуінше, эпидахуал күрделі, ауруханалар науқастарға толып кетті. Мамандардың пікірінше, демалыс күндеріне кейін олардың саны тағы да өсетін түрі бар.

Анна Попова, Ресей тұтынушылар құқықтарын қорғау бойынша федералдық қызмет басшысы:

– Ең бастысы, осы демалыс күндері дәрігерге қаралуды кейінге қалдырмау керек. Егер адам сырқаттанғанын сезсе, бірден дәрігерді шақыру қажет. Медициналық көмек кешіксе, ауру асқынуы мүмкін. Өкінішке қарай, тұрғындар демалыс күндері дәрігерге аз қаралады. Ал жұмыс күндерін күткендер мейрамнан кейін ауруханаға ауыр хәлде түсіп жатыр.

Дәрігерлер бұл жолы балалардың ауыра бастағанына ерекше назар аударды. Мәскеу билігінің мәліметінше, күн сайын қалада бір мыңдай бүлдіршін ауру жұқтырып, жиырма -отызы ауруханаға жатқызылады. Ал пандемия басталғалы, 200 мыңдай бала бұл дерткке шалдыққан. Қазір де дерте дендеп барады. Ковидпен ауырған балалардың саны еселеп артты. Сондай-ақ арасында өлім-жітім де жиілей түсті.

Леонид Звонков, жедел жәрдем қызметінің дәрігері:

– Басында ковид балаларға жұқпайтынын білдік. Жасөспірімдер де жеңіл көтеретін. Негізінен егде жастағыларға ауыр тиетіндіктен, оларға баса көңіл бөлінетін. Ал қазір науқастардың жасарып бара жатқанын байқауға болады. Сондықтан осал топтарға кіретін барлық адамға екпе салу қажет. Қазір бұл топқа балалар да енді. Сондықтан оларды вакциналаудан басқа амал жоқ.

Соңғы сауаланамаларға сәйкес, Мәскеуде ата-аналардың 45%-і оқушыларды ПТР-тесттен өткізу ұсынысын қолдаған. Ал 32%-і бұған қарсы шықты. Қазан айының ортасынан бері қаладағы 10 мектепте жеткіншектер екі аптада бір рет  тесттен өтеді. Бұл қашықтан оқуға ауыспау үшін қабылданған шара. Ал балаларды вакциналау 2022 жылдың қаңтар айында басталуы мүмкін.

Авторы: Дана Нұржан